Президент бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді

15.02.2021

Елде кәсіпкерлерді заңсыз тексеру тоқтар емес. Үш айдың ішінде 500-ден астам шағым түскен. Бүгін Президент бас прокуратураның басшылық құрамымен кездесіп, бақылаушы орган өкілдерінің алдына бірқатар міндет қойды.

Пандемия кезінде елде қылмыс саны шамамен 30 пайызға азайды. Дегенмен, түпкі мақсатқа әлі толық жеткен жоқпыз деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Соның арқасында бір айдың ішінде 692 адамды қылмыстық қудалаудан арашалап қалдық. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс.

Прокурор – әуелі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауы тиіс. Бұл олар үшін басты міндет. Өйткені, заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда. Соңғы 3 айда 500-ден астам шағым түскен. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуі шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі жылдан бастап прокурорлар тергеу орындарындағы оқыс оқиғаның бейнежазбасын талап ететін болады. Олай болмаса жауаптылар тәртіптік жазаға тартылуға тиіс.

Бизнеске заңсыз араласатын мемлекеттік қызметкерлердің ісі ауыр қылмыспен тең. Прокуратура органдары осыны есте ұстауы керек. Оның үстіне бұл мәселе болашақта заңнамалық тұрғыда бекиді. Президент прокуратура мен соттарға тиімсіз нормалар мен негізсіз актілерді бірлесіп анықтауды тапсырды. Елдегі криминогендік ахуал да алаңдатарлық. Карантин қылмыстық іс-әрекеттердің азайғанына ықпал еткенімен, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін керісінше көрініс беруі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бірден тұншықтыру керек.

Президент Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын да еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, әділет министрлігімен үйлестіре отырып, атқаруы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтары мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді. Прокуратура барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін үйлестіруші ретінде мұндай мәселелерге уақытылы мән беріп, әріптестерімен бірге оны шешуі керек.

Құқық қорғау органдарының қызметі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Тергеп-тексеру ісінде басқа да мемлекеттік органдардың әлеуетін пайдаланған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Қайта құрылған қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады.

Құқық қорғау құрылымдарында өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне қарай тартуы әлі де бар. Мұны Президент үлкен қателікке теңеді. Сол үшін үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтауды тапсырды. Жалпы, прокуратура органдарына тұрғындардан келетін шағым көп. Соңғы үш жылда 650 мыңға жуық арыз түскен. Оның әрқайсысының артында адам тағдыры тұр. Сондықтан азаматтардың шағымдарына нақты әрі түсінікті жауап беру қажет деді Президент. Бұдан бөлек, уақытылы төленбейтін жалақы мәселесі, заңсыз қысқартулар мен еңбек қатынастарындағы басқа да әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесу керек. Қаржы саласындағы түрлі алаяқтық әрекеттердің де алдын алу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыға ерекше назар аудару керек.

Прокурорларға қойылатын талаптар әрдайым жоғары. Бұдан былай жұмысқа алу кезінде алғашқы дайындықтан өтеді. Оны қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының академиясы ерекше рөл атқаруы керек.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу