Бесқайнарлықтар жергілікті жылқы шаруашылығына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бесқайнарлықтар жергілікті жылқы шаруашылығына шағымданды

11.02.2021

Алматы облысы Бесқайнар ауылының тұрғындары жергілікті жылқы шаруашылығына шағымданды. Олар мал нәжісін көшеге ағызатын қожалық иесінен тәртіпке бағынуды талап етіп отыр. Айтуларынша, ат қора жұмысшылары қысы-жазы жылқы тезегіне арнайы арық жасап, сыртқа ағызады. Кесірінен ауыл ішін қолқаны қабар жағымсыз иіс алып кеткен.

Тұрғындар осы мәселені бес жылдан бері көтеріп келе жатқандарын айтады. Шаруа қожалығының басшысына шара қолдануға ешкімнің дәті бармай отыр дейді. Кеше ғана келіп жауапты мамандар айыппұл салса да, жылқы бағушылар лас суды көшеге ағызуын әлі тоқтатпаған.

Татьяна Бергер, Бесқайнар ауылының тұрғыны:
Өздеріңіз көріп тұрғандай әкімдікті бұлар тыңдамайды. Өз білгендерін жасап отыр. Бүгін міне тағы да көшеге ағызып жатыр. Бұлардың әрекетіне ешкімнің тоқтау сала алмай отырғанына қынжыламыз.

Ауыл әкімі бұл мәселені жақсы білетінін жеткізді. Заңға сәйкес тиісті шара да қолданғанын айтады.

Мейіржан Шорманұлы, Бесқайнар ауылының әкімі:
Қожайыны «Темір Бетон» зауытының директоры. Ол кісілерге халықтың өтінішімен айыппұл салынды.

Бесқайнар тұрғындарының сөзінше кәсіпкер әу бастан суды көшеге ағызуды жоспарлаған. Іштен тартылған арық жүйесі қоршаудың сыртына шығып бітеді. Ал шаруа қожалығының қызметкері олқылықты қалпына келтіріп, мәселе бір аптада шешілетінін айтты.

Тұрғындар бұған да көніп отыр. Егер мәселе уәделі уақытта шешілмесе, шағымдануды тоқтпаймыз деп тарқасты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу