Президент Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты
Мемлекеттік сатып алулар кезінде жасырын сөз байласып, шешім қабылдау өткен күннің еншісінде қалуы тиіс. Samruk Business Forum-ына қатысқан Президент осылай деді. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған шарада Қасым-Жомарт Тоқаев жекешелендіруді жүргізу бойынша Үкіметке бірқатар тапсырма берді.
«Самұрықтың» қазынасы мол. 67 миллиард теңгеге алдын ала жасалған келісімшарттар мен стратегиялық келісімдерге қол қойылған. 15 бағыт бойынша жоспар бар. Алып холдинг тұралап қалған компанияларды құтқаруға мүдделі. Отандық өндірісті дамытуда «Самұрық-Қазынаға» өте маңызды міндет жүктеліп отыр. Бұл орайда Президент инновацияны кеңінен қолдану керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Озық технология, өнімді нарыққа таратудың ұтымды саясаты және білікті мамандар – табысқа жетудің негізгі көзі. Оны іс жүзінде дәлелдеген компанияларымыз аз емес. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз әділ бәсекеге түсіп, ұзақмерзімді келісімшарттарға қол жеткізе білді. Бұл – Қазақстанда өндірілген өнімнің сапасы жоғары деген сөз. Сондай-ақ бірқатар компания экспорт нарығын игеруде.
Бір «әттеген-айы»: мұндай компания көп емес. Отандық бизнесті тежеп тұрған тағы бір кедергі: заты шетелдік өнімнің қағазда «қазақстандық» деп көрсетілуі. Президенттің мұндай әрекеттердің жолын кесуді талап етіп отыр. Жасырын жасалған келісімдер мен жалған құжаттар әзірлеу сынды айла-әрекеттер жазасыз қалмауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Мұндай жағдайлар жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектордың осындай әрекетке көз жұмып қарайтын қызметкерлерінің кесірінен болып отыр. Бұл бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Үкімет те, қор да мәселені қатаң бақылауы керек.
Ол үшін Президент жергілікті өнімді анықтайтын әдісті жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар сатып алу процесінің барлық кезеңдері ашық өтуі маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анықтап, сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы» Заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді. Депутаттардан мұны осы сессияда мұқият қарап, қабылдауын сұраймын.
Отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін маңызды бір қадам – экономиканы мемлекет меншігінен шығару. Жоспар бойынша алдағы 4 жылда 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілуі тиіс. Оның ішінде «Самұрық-Қазынаға» кіретін 112 компания бар. Бұл үрдісті жүргізерде Президент мынаған баса мән беруді тапсырды:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендіруге жол беруге болмайды. Мысалы, темір жолдар мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл жөнінде Үкіметтің жуырда өткен отырысында айттым. Мұндай олқылықтар енді болмауы тиіс. Бұған Үкімет пен қор жауапты.
Сондай-ақ активтерді жекеге сатудың арқасында бюджетке түсетін салмақ азаяды. Жеке компаниялар мемлекетке қол созбай, тауарын сыртқа шығарып, табыс табуі тиіс. Президент жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы керек екенін ескертті. Ал жекешелендірудің әділ әрі ашық өтуі үшін қоғамдық бақылау құралын пайдаланған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық байлыққа әр азамат қол жеткізе алуы үшін «Халықтық IPO» -ның маңызы зор екенін тағы бір атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Ең бастысы, еліміздің орнықты және қарқынды дамуына қажетті мол мүмкіндіктеріміз бар. Мемлекетіміз жауапкершілікті сезінетін, отандық бизнесті өркендету үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл – менің берік ұстанымым. Сіздер де адал еңбек етіп, еліміздің игілігін арттыруға мол үлес қосады деп сенемін.
Ал Президент артқан сенімді несие ретінде қарастырсақ, 4 жылға берілді десек болады. Өйткені қазіргі басты құжат - 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары. Оған сай «Самұрық-Қазынаның» басымдықтарын кеңейту де қарастырылған. Демек, мемлекеттен қолдау бар. Сондықтан қор инвестициясы да ұлттық экономикаға бағытталуы тиіс. Өйткені «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры деген өз атауына сай болуы керек, -деді Мемлекет басшысы.
Альбина Әшім
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
