Шымкентте азаматтығы күмәнді мемлекеттік қызметшінің ісі сотта қаралуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте азаматтығы күмәнді мемлекеттік қызметшінің ісі сотта қаралуда

09.02.2021

Өзге елдің азаматы бола тұра мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған шымкенттік шенеунік өзін ақтау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Өзінің әлі күнге Қазақстан азаматы болып саналатынын айтқан Олег Подчивалов бұл істе қасақана жалған мәлімет таратылғанын мәлімдеді. Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы бүгін журналистерге брифинг өткізгенімен, мұнан өзге ешбір сауалға жауап та, түсініктеме де берген жоқ. Адвокатының айтуынша, азаматтықты анықтауға байланысты Шымкент қаласы көші-қон полициясы жіберген сұраныс хатта түсініксіз жәйттер бар. Хатқа Ресей Федерациясы Мәскеу облысы Красногорск қаласының ішкі істер қызметі осы жылдың 22 қаңтарында жауап жолдаған. Алайда Шымкент полиция департаментінің басшысы хат жіберілерден екі күн бұрын тиісті орындарға жария еткен.

Олег Подчивалов, Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
-Баспасөз бен ғаламторда жарияланып жатқандардың бәрі фейк ақпараттар. Бұл маған қарсы адамдардың әдейін ұйымдастырып жүрген тірлігі. Олар өзгерісті қаламағандықтан маған қарсы шығуда. Қазір менің азаматтығыма байланысты мәселені сот зерделеп жатыр. Жақын күндері Қазақстан азаматтығын қайтып беру туралы шешім шығады деген сенімдемін.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу