Алматы облысының Тұздыбастау ауылына қарасты Айжарық ықшам ауданында не жол, не жарық, не интернет байланысы жоқ. Елді мекенде бұдан басқа да шешілмеген мәселелер шаш етектен. Тұрғындардың сөзінше, аудандық әкімдіктегі жауаптылар мұнда бірде-бір рет бас сұқпаған.
Айжарық ықшам ауданында қазір 100-ден астам отбасы түтін түтетіп отыр. Алматыға іргелес жатса да, жағдайы мәз емес. Электр жарығы жиі өшеді. Ол аздай интернет әлсіз. Сондықтан, мектеп балалары сабақ оқу үшін әр қуыстан байланыс іздеп әлек.
Совет Әутанов, ауыл тұрғыны:-Интернет қай жерде бар, қай жерден ұстайды, сол жерге барып балалар оқиды.
Гүлмира Құрманбаева, ауыл тұрғыны:-Су мәселесі бар. Жаздың күндері болмайды.
Айжарықтағы басты мәселесі – жол. Балшықта батып жүреміз деген тұрғындар әкімдікке бірнеше рет хат жазған.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:-Аудан орталығы бұл жерден алыс емес, қырық адым жер, қасында. Алайда, әкімдіктегілер мұнда жете алмай жатыр. Себебі, ықшам ауданға кіргеннен құшақ жая қарсы алатын осындай қотыр жолдарға олардың көліктері шыдамайды дейді тұрғындар. Тек осылай лай, батпақ кешіп, жаяу жүруге тура келеді.
Кімнен көмек сұрарын білмей дал болған тұрғындар былтыр 50 мың теңгеден ақша жинап, басты көшелерін өздері жөндеуге мәжбүр болған.
Мадияр Тілеубаев, ауыл тұрғыны:-Былтырлары Тұздыбастау әкімінен, әкімдіктен қағаздарын алып алыпты. Әкімдік салды деп бізге қол қойып беріңіздерші деп айтты. Бірақ халық қол қойған жоқ. Өйткені, істелмеген нәрсені айдан анық көріп тұр. Олар істеген жоқ.
Ықшам ауданда тіпті көше атаулары жоқ. Салдарынан жедел жәрдем шақыру мұңға айналған. Ал әкімдік ауылдағы 51 көшенің атауын облыстық ономастика басқармасына жолдадық дейді. Мәселе шешілсе жолдарды қалпына келтіру ісі қолға алынбақ. Ал биыл әзірге тек 4 көше жөнделеді дейді мамандар.
Мирас Баймолданов, Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі:-Биыл жоспарда бар. Орташа жөндеу жұмыстары, асфальттау, тротуар қою жұмысы жүргізіледі. Қалғандарының өтінімдері бар. Қаражатқа байланысты жасалынады.
Мамандар жарық мәселесін шешу үшін жекеменшіктегі трансфарматорды әкімдікке өткізіп, талапқа сай келетін сым жүргіземіз деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ интернет орнататын компания да биыл іске кірісуге дайын деп сендірді. Алайда ауылды сапалы сумен қамтуға қаржы тапшы. Жергілікті әкімдіктің бұл туралы сұранысы осы жылы мақұлданса, Тұздыбастаулықтардың кенезесі келер жылы бір-ақ жібімек.
Нұрхан Нұрланұлы