Алдағы 5 жылда Қазақстанның облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалары 5 G интернетпен қамтылады. Ал деректерді сақтау және өңдеу саласына құйылатын инвестиция 6 есе өсіп, 500 млрд теңгеге жетеді. Электрондық сауда үлесін 2 есе ұлғайту көзделген. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақ елдері премьер-министрлерінің қатысуымен өткен «Digital Almaty» форумында айтылды. Халықаралық жиында бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында бірегей білім беру жобасын құруды ұсынды.
«Digital Almaty» - әлемдік цифрландыру саласындағы соңғы жаңалықтармен бөлісетін таптырмас алаң. Қазақстанда да жаңа технология, жасанды интеллект саласында тың жоба көп. Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл ішінде бұл бағытта 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Инновация мен технология жоғары жылдамдықпен дамып, бұл бағытта бәсекелестік артып келеді. Сарапшылардың бағалауынша, 2021 жылы жасанды интеллект саласының серпіліс алуына бағытталған техникалық және компьютерлік бағдарламалар нарығы 35 процентке өсіп, 12 миллиард доллардан асады. Басым бағыттың бірі - ақылды экожүйе құру. Оның мүмкіндіктері көп. Әсіресе, салалық деректерді талдауға екпін беру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 проценттен астамы электрондық үлгіде алынатынын атап өтті. Пандемия кезінде 6,5 миллионға жуық адам мемлекеттен берілген жәрдемақыларды сандық жүйелер арқылы алған. Ал 15 миллион тұрғын үшін сымсыз интернет қолжетімді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-2025 жылға қарай 5G технологиясы кәсіпорындарға өз деректерінің 70%-на дейін жинақты өңдеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда бізге тәсілдерді үйлестіру және осы саладағы қызметтің жалпы үйлесімі қажет. Еуразиялық экономикалық одақ елдерін және өңір бойынша әріптестерді ынтымақтастыққа шақырамыз.
Ал Қазақстан Премьер-министр Асқар Маминнің сөзінше, экономикалық қиындықтарға қарамастан, цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар тоқтаған жоқ.
Асқар Мамин, Қазақстан Премьер-министрі:-Былтыр 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтадық. 1 мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды. Бұл өңірлердегі теңсіздікті төмендетті. Соның арқасында бүгінде Қазақстан халқы 99% интернетпен қамтылды.
Жазира Оразқызы, тілші:-Пандемия отандық цифрландыру саласының қауқары қай деңгейде екенін көрсеткендей. Болашақ та, тіпті, бүгініміз де инновация мен технологияға тығыз байланысты. Дүниежүзілік қаржы институттарының мәліметінше, былтырдың өзінде айти-технологияға 4 трлн доллар қаржы жұмсалған. Бүгінгі форумның көздегені - ЕАЭО елдері арасындағы цифрлық ынтымақтастыққа тың серпін беру.
Дегенмен, әлемдік пандемия кезінде цифрлық теңсіздік орын алды. Бүгінде әлемдегі 3,6 млрд адам интернетке қолжетімділіктің қымбат болуына байланысты оффлайн режимінде қалып отыр. Ғаламтордың негізін қалаушы, Google компаниясының вице-президенті Винт Серфтің сөздері осыған саяды.
Винт Серф, Google компаниясының вице-президенті:-Дүниежүзілік пандемия интернетті, мобильді технологияны және интернет қосымшаларды барлығы бірдей пайдалана алмайтындығын көрсетті. Бүгінгі конференция интернет болмаса, өтпейтін еді. Өкінішке орай, кейде технологияны теріс мақсатта пайдаланып жатқанын көріп жұрміз.
Президент 2021 жылды мемлекетті тиімді цифрландыру жылы деп өткізуді тапсырды. Қазірдің өзінде қазақстандық IT-компаниялар пандемияға бейімделе бастады. Нұр-Сұлтандағы Ковид-19 жұқтырған науқастар туралы ақпараттарды жинақтайтын «Е-карантин» жобасы, Алматы автобустарына қойылған бейнебақылау камералары - денсаулық сақтау саласындағы отандық бастамалар.
Әмірәлі Сейілов, «Қазақтелеком» АҚ департамент директоры:-Карантин тәртіптерін сақтау үшін, бетперде таққан ба, қашықтық сақтаған ба камера өзі тіркеп тұрады. Коронавирус ары таралмау үшін жасалып отыр.
Төртінші рет өткізілген бүгінгі форумда Армения, Беларусь, Қырғыз, Ресей мен Өзбекстан Премьер-Министрлері өз мемлекеттерінде табысты жүзеге асып жатқан цифрлық жобаларға тоқталды. Соның бірі - соңғы уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың бірқатар елінде кеңінен қолданылатын «Covid-19-сыз саяхаттау» мобильдік қосымшасы. Озық жоба туристік шекараны кеңейтіп, QR-код арқылы еркін саяхаттауға мүмкіндік береді. Бүгінгі басқосудың бір нәтижесі - бірегей бастама Қазақстанда да жүзеге асуы мүмкін.
Жазира Оразқызы