Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасының 70% тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасының 70% тозған

29.01.2021

Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы техникасының 70 пайызы - ескі. Аграрлық сала мамандары трактор, комбайндарды жаңарту жұмысы мардымсыз екенін айтады. Ал мемлекеттің жаңа техника алғандарға беретін 25 процент субсидиясымен бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес.

Мына «Кировец» тракторының пайдалануға берілгеніне отыз жылдан асқан. Кәнігі механизатор Виктор Замула оның бабын жақсы біледі. Талай рет бөлшектеп, қайта жинаған. Бірақ қанша тырысқанымен ескі техникадан жиі ақау шығады.

Виктор Замула, механизатор:
-Әбден тозығы жеткен. Қанша күтіп ұстасаң да, әр жері бір сыр береді. Қосалқы бөлшектердің сапасыздығы тағы бар.

Заречный ауылындағы бұл шаруашылық 12 мың гектардан астам алқапқа астық егеді. Бар техникасының ішінде ең жаңасы былтыр сатып алған екі дән сепкіш қана.

Мұрат Арыстанов, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі:
- Темір де ескіреді дейді ғой, көбісі сынады. Қолымыздан келгенше токарный цехтарымыз бар, мотористеріміз бар өзіміздің күшімізбен көп ремонтты жасап жатырмыз.

Жаңа техника сатып алуға шағын қожалық түгілі іргелі серіктестіктердің де шамасы жете бермейді. Мемлекеттің 2018 жылы бекіткен 25 процент субсидиясы өзгерген жоқ. Ал жаңа техниканың бағасы еселеп өсті.

Қайыр Айсин, кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы:
-Мысалы екі жыл бұрынғы ережеде МТЗ-80 тракторының бағасы 6 миллион теңге деп көрсетілген. Қазір оның құны 10 миллионға жетті. Ал 25 проценттік субсидия бұрыңғы бағасымен есептеледі.Сондықтан шаруаларға жаңа техника қымбатқа түседі.

Ал ауыл шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, техника паркін жаңартуда өсім бар. Мысалы 2018 жылы бұл көрсеткіш 1200 көлемінде болса, былтыр 1600-ге жеткен.

Арымжан Мизанбаев, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы:
-Былтыр 365 трактор, 358 комбайн сатып алынды. Нәтижесінде жаңарту 2,7 пайызды құрады.

Алайда мұның бәрі мардымсыз екендігін мамандар да мойындап отыр. Себебі жыл сайын қолдағы техниканың кем дегенде 6 процентін жаңартып отыру қажет. Қазіргі көрсеткіш одан екі есе кем. Яғни жаңа техникаға берілетін субсидия көбеймей жағдай оңалмайды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу