Қашықтықтан оқу форматына көшкелі оқушылардың көру қабілеті төмендеп барады. Бұл туралы көз аурулары ғылыми зерттеу институтының мамандары мәлімдеді. Зерттеуге сәйкес, соңғы 10 ай ішінде офтальмолог маманға жүгінетін балалар саны 30%-ке артыпты. Сондықтан дәрігерлер бұл жағдайдың алдын алу керек деп дабыл қағуда.
Аида араға 6 ай салып, ұлын офтальмологқа қайта әкелді. Кезекті тексерудің нәтижесі Балтабектің көру қабілетінің тағы да нашарлағанын көрсетіп отыр.
Аида Айтбаева, ата-ана:-Онлайн оқуға көшкелі ұлымның бір көзі -0,5, екінші көзі -0,25-ке төмендепті. Екі баламның да көру қабілетінің төмендегенін байқап отырмын. 6 ай сайын дәрігерге қараламыз, барлық дәрумендерді ішіп, қажеттісін көзге тамызып жүрміз. Сонда да еш нәтиже жоқ. Себебі балам компьютер алдында ұзақ отыруға мәжбүр.
Алысты анық көре алмау - балалар мен жасөспірімдер арасындағы ең белең алып тұрған диагноз. Ол науқастың өмір сүру белсенділігін төмендетеді. Екінші орында –көздің құрғауы. Қазір қашықтықтан білім алып жатқан балаларда бұл шағым жиі кездеседі. Әсері сол көзді жыпылықтату әдеті қалыптасады.
Снежана Панченко, Медицина ғылымдарының кандидаты, офтальмолог:-Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау керек. Атап айтсам, 1-сынып 15 минут, 2-5 сыныптар 25 минут, жоғары сыныптар 30 минут сайын үзіліс жасап отыру керек. Сол аралықта көзге арналған жаттығулар жасаған дұрыс. Оны ата-ана қадағаламаса болмайды және балалардың таза ауада көбірек уақыт өткізгені абзал.
Бұл талаптардың сақталмайтынын ата-аналар да растап отыр. Таңғы 9-дан басталған сабақтар түскі 1-ге дейін жалғасады. Ал түстен кейін оқушы үй тапсырмасын орындау үшін тағы да компьютерге отырады.
Индира Еламанқызы, ата-ана:-Балалар үйде оқып жатқан соң 4-5 сағат компьютерде отырамыз. Таңертең 9-дан 12-ге дейін компьютерде сабақта отырамыз. Сосын 1 сағат телевизор көреміз. Кейде одан көп.
Көздің көру қабілетін бір қалыпта сақтау үшін бірнеше талаптарды ескерген жөн. Мәселен, жарықтың дұрыс қойылуы, экрандағы шрифтті көзге сәйкестендіру, компьютер мен баланың арақашықтығы 35 сантиметр болуы маңызды.
Әсел Жақаева, офтальмолог:-Баланың онлайн оқитын орнын қамтамасыз етіп алу керек. Ол жатып немесе тұрып оқымау керек. Ол көзге де, жүйке жүйесіне, омыртқасына да кері әсер етеді.
Көз аурулары институтының зерттеуі бойынша бүгінде мектеп түлектерінің 33%-ының көру қабілеті төмен. Осыдан 15 жыл бұрын бұл көрсеткіш он пайызға аз еді. Ал онлайн оқу әлі де созылар болса, көз жанары сыр беріп семіп қалған оқушылар саны екі есеге артады деп дәрігерлер дабыл қағуда.
Ақниет Балтанова, тілші:-Ал оның алдын алу ата-ана мен мұғалімнің міндеті. Сондықтан дәрігерлер онлайн сабақ арасында 5 минут үзіліс жасап, көзге арналған мынадай жаттығулар жасату керек дейді. Әр ұстаз өз сабағында осы қағиданы әдетке айналдырса, жоғарыда атап өткен статистика көрсеткіші сәл де болса төмендер еді. Ал ата-аналар балаларының күн сайын 2 сағат таза ауада уақыт өткізуін қадағалауы тиіс.
Ақниет Балтанова