Ресейдің «Спутник V» вакцинасы Түркияда шығарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің «Спутник V» вакцинасы Түркияда шығарылады

29.01.2021

Ресейлік «Спутник V» вакцинасы Түркияда да шығарылатын болды. Тиісті келісімге Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі, «Вискоран» дәрі-дәрмек компаниясы мен ресейлік Гамалея атындағы зерттеу орталығы қол қойды. Фармацевтикалық компания басшысы Өзтүрік Оранның айтуынша, ресейлік орталықпен вакцина жасау бағытында бірлесе жұмыс істеу туралы меморандум былтыр тамыз айында бекіген. Қазір Ресейден препарат өндіру технологиясын әкелу, пилоттық партиясын шығаруға қатысты дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы айда екпе жаппай шығарыла бастайды. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар жасауда 20 жылдық тәжірибесі бар компанияның мамандары өткен айда коронавирусты 15 секундта анықтайтын құрылғы да ойлап шығарған болатын. 

Өзтүрік Оран, фармацевтикалық компанияның басқарма төрағасы:
Түркия бұл вакцинаны өндіріп қана қоймай, экспортқа да шығару құқығына ие. Алдымен өзімізді қамтимыз, кейін өзге елдерге де жібереміз. Себебі әлемде бірқатар ел ресейлік вакцинаны жаппай қолдану туралы шешімге келді. Уақыттың тығыздығына байланысты Спутник вакцинасын өзіміздің дайын өндіріс орындарында шығарамыз. Негізі Түркияда осы вакцинаны шығаратын жаңа зауыт салу ойымызда болған еді.

Ал Түркияда қаңтардың 13-нен бастап қытайлық «Синовак» вакцинасы жаппай егіле бастады. Бүгін таңертең Қытайдан кезекті 10 млн дана екпе әкелінді. Осы күнге барлығы 2 млн-ға жуық адамға вакцина салынған. Олар медицина саласының қызметкерлері мен 75 жастан асқан ел тұрғындары. Вакцинаны елдің 18 жастан асқан азаматтарына кезең-кезеңімен жазға дейін салып шығу жоспарлануда.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу