Бір айда 340 келі есірткі тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір айда 340 келі есірткі тәркіленді

27.01.2021

Елде есірткі өндіру белең алып барады. Синтетикалық затты сайт арқылы сату да тыйылмай тұр. Сондықтан нашаны жарнамалағандарға енді жаза қатайды. Ал, оны өткізу немесе сақтағанның айыбы мүлдем қатал.

Есірткі үшін екінші рет абақтыға жабылып, аласұрып отырған жігіттің жасы 27-де. Ол зиянды затты аса ірі көлемде сақтаған әрі өткізген. Енді тепсе темір үзетін шағында 15 жылға сотталды.

Жазасын өтеуші:
-Осы қылмысымды түсініп, осы жерден тезірек жақындарым, туысқандарымның қасына оралғым келіп жүр. Бұрын ешқашан ойланбайтынмын. Өмір қуып жүргенмін. Мен отырған жерге ешқашан кірмеңдер.

Алайда, опық жеп отырғандардың қатарына асыққандар азаймай тұр.

Жыл кіргелі Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлері мен Алматы қаласынан ұзын ырғасы 340 келі наша тәркіленді. 90 қылмыстың 59-ы өткізу, 28-і сақтау және 6-ы контрабанда. Ал былтыр 2100-ден аса есірткі қылмысы тіркеліп, 26 тонна зиянды зат жойылды. Оның 100 келісі синтетика. Қазір қиынға соғып тұрғаны да нашаның осы түрі.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
-Бүгінгі таңда бұрынғы заман сияқты бір-бірімен кездесіп қолма-қол ақша айырбастап, болмаса кездесіп беру міндетті түрі емес. Олар жаңа тәсілдермен интернет дүкендерді пайдаланады. Қосымша мобильдік қосымшаларды пайдаланады. Соның арқасында сатушы мен алушы кездеспейді де, көрмейді де.

Тапсырыс жасырын жерлерге жарнама арқылы жеткізіледі. Сондықтан жаза қатайды. Бұрын бұндайлар әкімшілік жазамен құтылса, қазір аса ауыр қылмысқа тартылады. Былтыр 106 дерек тіркелді. Егер есірткіні насихаттап немесе жарнамаласа, 3 жылға дейін сотталады. Ал бұл топпен, бірнеше мәрте, білім ұйымдары және қоғамдық орындар мен ақпарат ресурстарында жасалса жаза 6 жылға дейін созылады. Әрі электронды жүйені пайдаланып есірткі өткізсе 10-нан 15 жылға дейін, ал, нашаны қолдануға көндірсе 3-тен 8 жылға дейін темір торға жабылады. Бүгінде 850 сайт бұғатталған.

Нысаналы Ығыл, тілші:
-Енді тек интернет тінту аздық етеді. Соңғы жылдары синтетикалық затты елімізде өндіру көбеюде. Қазіргі мәліметке сәйкес 10 жасырын зертхана жабылған. Зардабын есірткіге еліткен ересектер ғана емес, жасөспірімдер де тартып отыр. Олардың қатарында 14 жасар балалар бар.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу