Қаңтардың ортасынан бері Солтүстік Қазақстан облысында күн сайын 100-ден астам адам қауіпті инфекция жұқтыруда. Сол себепті өңір «қызыл» аймаққа енгізіліп, демалыс күндері локдаун жарияланған болатын. Ал Ақтауда 20 бала, 7 жүкті әйел ем қабылдап жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 108 адамнан коронавирус анықталды. Оның 20-сы қызылжарлық, қалғаны – аудандардан. Науқастардың жартысына жуығында ауру белгілері байқалмайды. Жалпы, былтырғы наурыздан бері өңірде 10 мыңнан астам адам індетке шалдыққан.
Батыс Қазақстан облысында бір аптада коронавирустан 14 адам көз жұмды. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жалпы қаңтар айында 1300-ден аса адамнан ауру анықталды. Осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігері карантинді күшейтуді ұсынып отыр. Мәселен, қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатып, мемлекеттік қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшірмек. Өйткені қаулыға қарамастан көп қызметкерлер әлі жұмысқа барып-келіп істеуде.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласы бүгіннен бастап қауіпті індеттің таралуына байланысты «сары» аймаққа өтті. Бұған дейін облыс бойынша шаһардағы ахуал тұрақты болса, енді 3 мектеп пен 1 балабақшадан коронавирус жұқтырғандар анықталып отыр. Олармен байланыста болғандардың ешқайсысы ауырмаған. Білім беру мекемелерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Сағындық Сәбитұлы