Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бауырластар-3 деп аталатын елді мекен тұрғындары жылу үшін айына 150 мың теңге төлеуге мәжбүр. Себебі, ауылдықтар іргеге келіп тұрған көгілдір отынның игілігін көре алмай, баспаналарын амалсыз электр энергиясымен жылытып отыр. Ал, пеш салып алғандары көмірге ғана айына 60 мың теңге жұмсайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:-Елді мекенде қазірдің өзінде құрылысы біткен 350 үй бар. Алайда, газ бен су болмағандықтан иелері пәтер жалдап кеткен. Басқалары амалсыз күн кешіп жатыр.
Үш баланың анасы Арайлым Жолдыбаева күн ұзаққа ошақ басында. Таңертеңнен кешке дейін отын кіргізіп,пеш жағып, күл тазалаумен әуре. Күнделікті ас-ауқаты да осы жерде дайындалады. Қыстың көзі қырауда отын табудың өзі қиын дейді. Ал, көмір сатып алуға қаржы жоқ.
Арайлым Жолдыбаева, тұрғын:-Жаққан отынымыз түтіндейді, үй көк түтін болады. Берсе, беретінін айтсын, бермесе, бермейтінін айтсын. Көмірімізді алып, әрі қарай отыра берейік. Басқа барар жеріміз жоқ.
Қазір бұл жерде 20-дан астам отбасы тұрады. Пеш салып үлгермегендері амалсыз баспаналарын тоқпен жылытып отыр. Алайда, ол үшін айына100-150 мың теңге төлеуге мәжбүр.Олар өткен жылдың соңында «Көгілдір отын кіргіземіз»деген жергілікті биліктің уәдесіне сеніп қалған.
Динара Аманова, тұрғын:-Мен өзім тоқпен отырмын. Көпбалалы анамын. Айына 100-140 мыңға шығып кетіп отыр.
Жоспар бойынша бұл елді мекенге көгілдір отын өткен айдың ортасында кіргізілуі тиіс болған. Алайда, әлі күнге әкімдіктің уәдесі орындалмай отыр. Жауаптылар болса тағы шамалы күту қажет дейді.
Алмас Жақсылықов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:-Мердігер мекеме толық жұмысын аяқтады. «ҚазТрансГаз Аймаққа» пайдалануға тапсырды. Ендігі таңда ережеге сай әр абонент өз құжаттарын жасақтап, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу керек. Қай уақытта құжаттарын жасақтайды, сол кезде газ қосуға мүмкіншіліктері болады.
Бұл ауылда ауыз су да жоқ. Тұрғындар тіршілік көзін сырттан тасып ішеді. Су құбырының қашан тартылары тағы белгісіз.
Жақсыбек Кемал