Коронавирусқа қарсы жусаннан жасалған препаратты шығару үшін қыруар қаржы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы жусаннан жасалған препаратты шығару үшін қыруар қаржы қажет

19.01.2021

Жусанның коронавирусқа қарсы қасиеті шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Алайда препаратты елімізде шығару үшін қыруар қаржы қажет. Дәрілік шөпті қарағандылық ғылыми-зерттеу кешенімен бірлесе зерттеу үшін Оксфорд университеті мен Ұлыбританияның жетекші клиникалары келісімшарт жасасып та қойды. Ал Қытай біздің ғалымдардың зерттеуі негізінде КОВИД-қа қарсы препаратты шығара бастады.  

Қытайлық ғалымдар қазақстандық әріптестерінің ғылыми зерттеуіне бұрыннан қызығушылық танытып келген еді. Енді міне соны негізге ала отырып, Шанхайдағы биотехнологиялық орталық жаңа препаратты шығарды. Қазір оны клиникалық түрде қолданып көруде. Ал біздің елде жусанның 82 түрі өседі. Олардың кейбірі өзге мемлекеттерде ішнара кездескенімен, 20-дан астамы әлемде мүлде жоқ, тек қазақ даласында ғана өседі екен.   

Әйгерім Мәкібаева, зертхананың ғылыми қызметкері: 
-Біздің елде жусанның түрлері өте көп өседі. Әсіресе бір жылдық және тықыр жусан сынды сирек түрлері бар. Шикізат жеткілікті. Сондықтан коронавирусқа қарсы эфир майларын, шайларды, препараттарды шығару өндірісін кешенді зерттеп, кез келген елден асып түсуімізге болады.  

Препарат өндірісін жолға қою үшін қыруар қаражат қажет. Шетелдік инвесторлар жобаның 3/2 бөлігіне қазірдің өзінде қаржы құюға әзір. Себебі шикізатымызға тәуелді. Тек ел үкіметі қалған қаржыны қарастырса дейді ғалымдар. Бұған қоса 2020 жылы Қарағандыдағы ғылми-өндірістік кешеннің мамандары коронавирусқа қарсы жусан мен итсигек шөбінің беймолекулалық қосылыстарынан алынған препаратты да шығарған еді. Ол бірнеше шетелдік ғылыми орталықтарда зерттеліп, оң нәтиже берді. Алайда ел ішінде клиникалық зерттеуден өткізу әлі кешеуілдеп келеді.

Серғазы Әдекенов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:        
-Ковидке қарсы Қазақстанның өзінің бірегей препараты дайын болады деп үміт артып отырмыз. Алынған нәтижелердің арқасында ғылыми-техникалық бағдарлама дайындап Үкіметке ұсынып отырмыз. Соның негізінде елдегі 9-дан астам мекеме зерттеулер өткізеді.  

Жусан Америка ғалымдарының да қызығушылығын тудырып отыр. Жақында олар өсімдіктің қауіпті індетке қарсы тиімділігін мәлімдеген еді. Жусанның коронавирусқа қарсы қасиетін қарағандылық ғылыми-зерттеу кешенімен бірлесе зерделеу үшін қазір Оксфорд университеті мен Ұлыбританияның жетекші клиникалары да келісімшарт жасасқан.

Руслан Нұрланұлы 


Хабарламаларға жазылу