Арқалық құс фабрикасы өтемақы толық өтелмегендіктен сотқа жүгінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық құс фабрикасы өтемақы толық өтелмегендіктен сотқа жүгінді

19.01.2021

Қостанай облысындағы Арқалық құс фабрикасы ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты үш құрылымды сотқа берді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұған тұмаудан қырылған құстың өтемақысы толық өтелмеуі себеп. Яғни, өздерінің есебінше фабрика әлі 200 млн теңгені ала алмай отыр. Ал қолға тиген қаржыға жуырда қаңырап қалған қораларға балапандардың алғашқы легі әкелінді.

Алғашқы лекпен 58 мың балапан әкелінді. Қаңырап бос қалған қораға жан бітіп, қауырт жұмыстың қайта басталғанына бригадир Саяділ Сарқытбай дән риза. Бүкіл құстары қырылып, кәсіпорын тоқырауға ұшырағанда ол да басқалар тәрізді жұмыссыз қаламын ба деп алаңдаған. 

Саяділ Сарқытбай, Құс фабрикасының бригадирі:
Оқиға болған жағдайда бізде жұмыстан босатылған жоқпыз. Біз жұмыс істедік. Құрал-жабдықтарды жудық, тазаладық. Ешқандай қысқарту болған жоқ. Уақытында айлығымызды берді.

Енді төтеннен келген кеселден тұралаған кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеу үшін 1 млрд теңге қаржы қажет. Оның жартысын құрылтайшылар салса, қалған бөлігі жеңілдетілген несие ретінде берілмек. Бірақ өтемақы түгел өтелмесе фабриканың аз мерзімде еңсе тіктеп кетуі неғайбыл. Мамандардың есебі бойынша, індеттен келген шығын мөлшері 640 миллион тенгеден асады. 

Индира Саденова, Арқалық құс фабрикасының заңгері: 
Біз тиесілі өтемақыны толық алған жоқпыз. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд және ветеринарлық бақылау комитеті қалған ақшаны төлегісі келмейді. Сол себепті біз сотқа жүгіндік. 

Министрлік қарсы тараптың талаптарымен келіспейді. Олар індеттен өлген 433 мың 66 тауық қана есепке алынғанын айтады. Ал қалған құс өліктері шіри бастағандықтан олардың неден қырылғандығын анықтау мүмкін болмапты. Сатылмай қалған жұмыртқаға да өтемақы төлеу заңда қарастырылмаған – делінген ауылшаруашылығы министрлігінің жазбаша жауабында. Енді министрлік пен құс фабрикасы арасындағы дау-дамайды шешу соттың құзіретінде.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу