Енді студенттердің өндірістік тәжірибесі еңбек өтілі болып есептеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді студенттердің өндірістік тәжірибесі еңбек өтілі болып есептеледі

19.01.2021

Биылдан бастап студенттердің дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Facebook-тегі парақшасында жазды. Яғни, жастардың тәжірибеден өткен уақыты еңбек кітапшасына жазылады. Бұл - жас түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Министр колледжерге қатысты тағы бірқатар жаңа реформа енгізді. Толығырақ Раушан Сайлауқызы. 

Елордадағы политехникалық колледждің 2-курс студенттері дуальді оқыту жүйесі бойынша құрылыста тәжірибе жинап, жұмыс істеп жүр. Жаңа заңға сәйкес, еңбек кітапшасы ашылды. Ал практикада жүрген уақыты еңбек өтілі саналады.   

Болат Мергеншинов, студент: 
Тәжірибеден өтіп жүргеніме 1 ай болды. Ол біздің еңбек кітапшамызға жазылады. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік, үлкен тәжірибе. Біз соған қуаныштымыз. 

Елімізде 476000-дай студент білім алып жатқан 796 колледж бар. Оның 518-і дуалды оқыту жүйесі бойынша білім береді. Қазір 58000 студент осы бағытта жұмыс істеп жүр. Политехникалық колледжде 12 мамандықтың үшеуі дуалды білім береді. Сабақтың 60 пайызы тәжірибемен сабақтасқан.  

Қасымхан Сенғазыұлы, политехникалық колледждің директоры:
Біздің студенттерге үлкен септігін тигізеді. Өте әділетті болды деп ойлаймын студенттерге. 
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Дәл қазір біз колледжегі ағаш шеберханасында тұрмыз. Мына құрылғылардың көмегімен жастар ағаштан түрлі туындылар жасайды. Мінекей өздеріңіздер көріп тұрғандай бесік есік, астау, құмыра сияқты заттар көздің жауын алады. Енді жастар мұны жасап қана қоймайды. Сатуына да мүмкіндік бар. 

Мұнымен қоса дәнекерлеуші, аспаз, қолөнер иелері киізден, керамика мен былғарыдан жасаған заттарды сатылымға шығара алды. Шаштараз, әрлеу мамандары, машина жөндеу саласы бойынша жастардың ақылы қызмет етуіне мүмкіндік бар. Түскен қаражат колледждің материалдық базасын нығайтуға жұмсалады. Тағы бір өзгеріс, колледжерге академиялық еркіндік берілді.  

Ернат Жүнісов, ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:
Оқу мерзімі алынып тасталды. Ендігі кезекте колледждер оқу мерзімін жұмыс берушімен бірге келісіп анықтайды. Тағы бір мәселе кредиттік технология. Кез келген сырттан курстық оқу оқып келсе, сол оқыған кредиттерін есепке ала отырып, оның оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік алады. 

Мемлекеттік тапсырыс кезінде колледжердің аккредиттеуге қатысты талаптары алынып тасталды. Енді оның орнына аттестациялау жүргізіледі. Осылайша колледждерге енгізілген жаңа реформа студенттердің сапалы білім алуын көздейді. Ал оны тиімді пайдалану әр мекеменің өз құзырында. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу