Президенттің саяси реформаларына қатысты сарапшылар пікірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің саяси реформаларына қатысты сарапшылар пікірі

18.01.2021

Сарапшылар Президент жариялаған үшінші саяси реформалар пакеті бойынша талқылау өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған басымдықтар қатарында – саяси партиялардың сайлауға қатысты өзгерістері бар. Сондай-ақ сан салада адамдардың құқықтары бұзылып жатқаны ескеріліп, сонымен айналысатын омбудсмендер рөлін көтеру мәселесі айтылды. Енді халық ауыл, аудан әкімдерін сайлауға ат салыса алады.  

Бұдан былай ауыл басшыларын халық тікелей сайлап алады. Бұрынғыдай мәслихат араласпайды. Демек тұрғындар өз билігін әкімдер арқылы жүргізеді. Бұл өзін-өзі басқарудың үлгісі болғалы тұр. Президент ұсынған саяси реформаны салмақтаған саясаттанушылар осындай пікірде. Тек әкім сол ауылдың тумасы болғаны жөн, аймақтың мәселесін жетік білуі керек деген ойда. Лауазымға әрбір ерікті таласуға құқылы. 

Егер сайлау оң нәтиже көрсетсе басқа деңгейге көшуге негіз бар. Аудан әкімін таңдауға жол ашады. Президент ұсынған тағы бір басымдық – жастар индексін есепке алу. Жас буынның денсаулығына, біліміне, өзге де даму факторларына қатысты көрсеткіш жыл сайын жаңарып тұруы тиіс. Қазір елде ажырасу мен суицид белең алып тұр,-дейді сарапшылар. Мұны тоқтату үшін зерттеу жүргізу маңызды. Президент өңірлерде адам құқықтары жөніндегі өкілдерді көбейту керектігін де айтты.  

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры: 
- Барлық мемлекеттік органдар арыздарды қарайды. Мысалы әкімнің шешімі сәйкес келмейді. Конституциялық кеңеске барып өзінің арызын жазу керек.   

Омбудсменнің құқықтық мәртебесін көтеру керек. Ол мемлекеттік органдарға бағынбайды. Ал партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға түсіру демократиялық қадам. Бұл саяси ұйымдардың сайлауға көптеп қатысуына мүмкіндік береді. Жалпы электорат көрсеткіші жоғары заң шығарушы орган Парламентте көрініс табуы керек. Бұдан өзге бюллетеньге «бәріне қарсымын» жазуын енгізу ұсынылғаны белгілі.

Санат Көшкімбаев, Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары: 
-Осы сайлау қорытындысы бойынша көріп отырғанымыздай халықтың 3 пайыздан астамы бәріне қарсы болды. Сондықтан «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу – демократиялы елдегі азаматтардың таңдау позициясын білдіретін норма саналады. Сайлаушылар науқан кезінде осылай бағасын бере алады.  

Президент бұған дейін 2 саяси реформалар пакетін ұсынып, ол заң жүзінде бекітіліп қазір қолданыста. Кезекті ұсыныстары да сарапшылар тарапынан қолдауға ие болып, енді жіті талқылау жүргізіліп жатыр.   

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу