Қостанай облысы: Cібір жарасы анықталған жерде құм өндіретін карьер ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Cібір жарасы анықталған жерде құм өндіретін карьер ашылмақ

17.01.2021

Қостанайдың жанындағы Тобыл қаласымен қанаттас жатқан Заречный атты ауылдың, облыс орталығына жақын болғандықтан халқы көп, 8 мыңнан асады. Жыл сайын жаңа үйлер салынып, тұрғын саны тоқтаусыз өсіп келеді. Алайда төрт жыл бұрын ауылдың шығыс жақ бетінен сібір жарасынан өлген малдар көмілген орын табылған. Қауіпті қорым ең шеткі үйлерден небәрі 300 метрдей қашық. Санитарлық талап бойынша сібір жарасынан өлген мал көмілген аумақтан радиусы 1 шақырымға дейін жерді қазуға болмайды. Осындай есеппен алғанда санитарлық аумаққа 180 үй кіріп тұр. Жер қазуға тыйым салынғандықтан шеткі көшедегі үйлерге мемлекет есебінен газ бен су тартылмай отыр. Жол да салынбаған. Сондықтан автобус та келмейді.  

Тұрғындардың дені жарық пен суға өз қалталарынан қаржы шығарып қосылған. Бір қызығы, инфрақұрылым жүргізуге тыйым салған құзырлы орындар, былтыр жазда жеке кәсіпорынға сол жерден құм өндіретін карьер ашуға рұқсат берген. Бейнелеп айтқанда, «шаң басып қалуы» әбден мүмкін екенін, онда көрінбей қалатындарын, құм дауылдан дауыстары да шықпай қалатынын сезетін ауыл тұрғындармен Дәуренбек Әбдібек кездескен.

Аптаның соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен жазбаша жауап алдық. Онда Қостанай облысындағы Сафроновское кен орнының Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілгенін жазады. Одан әрі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес қорымдардан, зираттар мен мал көмілген орындардан жүз метр қашықтықта жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады дейді. Алайда кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес бұл тыйымның 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұратынын хабарлайды. Сонымен бірге сібір жарасымен өлген мал көмілген жер болса, қалай болатынына тоқталмаған.  

Десе де, заңға сәйкес жер қойнауын пайдалануға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болуы шарт екенін де жазады. Мұнан соң қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетіне тоқталады. Ал жергілікті атқарушы орган қоғамдық тыңдауды ұйымдастырып, тіпті оған жауапты адамды белгілеуі тиіс екен. Хаттама да толтырылады.  

Министрлік жіберген жауаптан цитата: Осыған байланысты, қоғамдық пікірді есепке алудың оң нәтижесі болмаған кезде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу мүмкін емес. 

Демек Заречный ауылы тұрғындары үшін үміт бар деген сөз. Тек, жергілікті билік тараптардың талабын таразыға салғанда қайсысының аргументін естуге пейіл? Мәселе сонда. 




Хабарламаларға жазылу