Елбасы «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысына қатысты

14.01.2021

Елбасы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысына қатысты. Онда Парламент палатасындағы басшылық лауазымдарға кандидаттарды ұсыну бойынша фракцияның ортақ ұстанымы әзірленді.  

Жеңіс – жауапкершілікті күшейте түсті. Кезекті Парламент сайлауында басым дауысты иеленген «Nur Otan»-ның алдында маңызды міндет тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, «Nur Otan» партиясының төрағасы – Елбасы: 
– Біз жұртшылықтың сенімін ақтауымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан біздің партиямыздың сайлауалды бағдарламасында айқындалған міндеттерге қол жеткізу үшін фракция депутаттары барын салуға тиіс. 

Елдің ілгері дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында билеуші партияның ықпалы зор. Бірақ, жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мұраты бар. Ол үшін нақты жоспар да, ресурс та жеткілікті. Осы тұрғыда Парламенттегі ең үлкен фракция ретінде «Нұр Отанның» жүгі ауыр. Депутаттар құрамы да едәуір жаңарды. Демек, тың идея, соны бастама, жаңа леп күтеміз, деді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, «Nur Otan» партиясының төрағасы – Елбасы: 
- Сайлауда біздің партияға қазақстандықтар үлкен қолдау көрсетті. Халықаралық байқаушылар азаматтардың жоғары белсенділігі мен бірлігін атап өтті. Сайлау ашық және демократиялық жағдайда ұйымдастырылды. Біздің партия нақты істердің партиясы екендігіне сенімдімін.  

Үкімет пен бұған дейінгі Мәжіліс құрамы үйлесімді әрекет етті. Қиындықтарды бірлесе еңсерді. Бұдан кейін де ілгері жылжуды тоқтатпаған жөн. Сайлауалды бағдарлама сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Нақты нәтиже керек. Бюджет қаржысын депутаттар қырағы қадағалауы шарт. Әлеуметтік топтарды қолдауды күшейтіп, кері байланысты жандандыру маңызды. Халық үніне құлақ асып, қоғамдық қабылдауларды қолға алған дұрыс. Елбасы осыларға ерекше екпін беруді тапсырды. Ал VII шақырылған Мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулин ұсынылды.

Бұған қоса, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағалығына, ал оның орынбасарлары ретінде Павел Казанцев пен Балайым Кесебаева ұсынылды. Сонымен қатар, Елбасы алдағы премьер-министр кандидатурасына қатысты пікірін білдірді

Нұрсұлтан Назарбаев, «Nur Otan» партиясының төрағасы – Елбасы: 
- Менің ойымша, сабақтастық сақталуы тиіс. Барлық қиындықтарға қарамастан Үкімет өз жұмысын атқара алды. Өзге елдермен салыстырғанда біздегі нәтижелер жақсы. Егер Президент Асқар Маминді ұсынса, онда фракцияның қолдауын сұраймын.  

«Nur Otan» - Парламенттегі жетекші саяси күш. Алдағы уақытта соған сай қызмет ету керектігін Елбасы еске салды.   

Асима Нұрбайқызы  


Хабарламаларға жазылу