Елордалықтар коммуналдық төлемнің қымбаттағанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтар коммуналдық төлемнің қымбаттағанына наразы

14.01.2021

Елордалық тұрғындар коммуналдық төлем өсті деп өкпесін айтып жатыр. Әсіресе, жылу мен ыстық су ақысы қымбаттаған. Бірақ жауапты мекемелер биыл тариф құнының өзгермегенін жеткізді. Сонда бағаның негізсіз шарықтауына не себеп?!

Балқия Бәкірбаева коммуналдық қызметке ақыны өзі төлейді. Кешіктірген емес. Сондықтан ай сайын келетін түбіртектегі есепті жақсы біледі. Бірақ өткен айға берешегін көргенде жағасын ұстады. 3 есе өскен. Зейнетақыға қарап отырған егде адамға мұны төлеу оңай емес.

Балқия Бәкірбаева, қала тұрғыны:
Алдыңғы айда 2182 теңге төледім. Желтоқсан айында квадрат метр деп есептеліп келді. Бағасы 3 есе. 7672 теңге. 

Тариф құнының шарықтағанына наразы жұртшылықтың қарасы көп. Әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі жылу, енді бірі су ақысы қымбаттағанын айтады. Ал осы мәселені қадағалаушы табиғи монополияларды реттеу комитеті бағаның өзгеруіне ауа райының құбылуы себеп дейді.

Алтынай Кетебаева, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы:
Ауа температурасы -15 градус. Тұтыну көбейген сайын төлемақы өзгереді. 

Су мен энергияға жауапты мекемелер тариф бағасы былтырғыдай сақталды деп отыр. Жылу таратушы компания да осы жауапты алға тартты. Алайда, бағаға әсер етуі мүмкін бірнеше факторды атады. Оның бірі - ауа райы, екіншісі - есептеу құрылғысының ескіруі немесе істен шығуы. 

Абзал Сауғабаев, «Астана-Теплотранзит» АҚ бас инженері:
 Егерде жылу өлшегіш құрал істен шықпаған, дұрыс есептелген болса, гигакалорий болып келеді. Егер істен шықса 1 метр квадратпен есептеледі. Бұл гигакалориймен салыстырғанда, 20-30 пайызға қымбат. 
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жылуға жауапты компания 2700 тұрғын үймен келісім жасаған. Бірақ 100-ден аса баспанада жылу есептегіш құралдары дұрыс жұмыс істемейді. Мұның салдарынан коммуналдық төлем шаршы метрмен есептеліп, бағаның шарықтатып отыр. Сондықтан бұған жауапты пәтер иелері копперативі немесе мүліктік меншік иелері құрылғыны жиі тексеріп, қадағалауына алуы шарт. 

Жалпы, биыл қала бойынша жылу ақысы– 2176 теңге, электр қуаты– 11,93 тиын, су – 44,81 теңге және газға – 30,91 теңге төлеуі тиіс. Ал елдегі жалпы тариф өзгермеген. Тек әр өңірде әртүрлі. Мәселен, Алматыда баға қымбат. Электр қуаты үшін кВт/сағатына 17 теңгеден төлейді. Жылумен қамтудың орташа тарифі - 3 мың теңге. Дегенмен, Алматы, Шымкент, Атырау мен Қостанай облысында жылудың ақысы 4 мың теңгеден асады. Елде сумен қамтудың орташа бағасы текше метріне 64 теңге шамасында. Алайда Маңғыстау облысында тариф қымбат – өңірде халық текше метріне 200 теңгеден төлейді. Тұрғын үйлерде газдың орташа бағасы 20 теңгеге жуық. табиғи монополиялар реттеу комитетіне барып шағымдана алады. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу