Қазақстанның Қарулы Күштері мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Қарулы Күштері мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатыр

13.01.2021

Қазақстанның қарулы Күштерінде жауынгерлік даярлықпен қатар, мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары күшейтілуде. Бүгінде қазақ тілі армияның күнделікті тыныс-тіршілігінің барлық саласында өз тұғырынан көрінді. 

Александ Богданов - әскери бөлімнің взвод сержанты. Оның сарбаздары бүгінде тек қана қазақ тілінде сөйлеуді қолға алған.

Александр Богданов, аға сержант:  
Қазақ тілін жаттау үшін ең біріншіден әріптерін жаттау, оларды дұрыс айтып үйрену керек. Одан кейін түсінбеген жерлерді сұрау қажет. Менің ойымша әрбір әскери қызметші қазақ тілінде, мемлекеттік тілде сөйлеп үйренуі керек.  

Сабақтар, негізінде, мемлекеттік тілді толық білмейтіндер үшін ұйымдастырылды. Мұндай бастама тек сержанттар мен сарбаздарға емес, Қарулы Күштердің басшылық құрамына да өткізіледі. Дәріс әр бейсенбі сайын өтеді. Қызмет барысында тілді іс жүзінде қолдану да назарға алынған. Күнделікті әскери командалар, отырыстар мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Айнұр Оразғалиева, ҚР ҚМ мемлекеттік тіл басқармасының басшысы, полковник:  
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін бізде барлық жағдай жасалған деп айтуға болады. Кәсіби тұрғыдан білікті, бірақ өз ойын мемлекеттік тілде жете жеткізе алмайтын мамандар үшін, яғни басшылық құрамнан бастап, вертикаль бойынша төменгі буынға дейін жеке құрамды мемлекеттік тілге оқыту іс-шаралары ұйымдастырылған. 

Осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, әскерилердің тіл үйрену әлеуеті әлдеқайда артқан. Бұрын құжаттар мемлекеттік тілге тек аудармашылар арқылы аударылатын, дейді мамандар. Мұның өзі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі бірден-бір жетістік болса керек.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу