Әлемнің 40 шақты елінде вакцинация жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің 40 шақты елінде вакцинация жүргізіліп жатыр

12.01.2021

Коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет биыл пайда болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай мәлімдеме жасады. Сондықтан бүкіл әлемде жаппай вакцинация аяқталғанша, қауіпсіздік шараларын сақтау қажет дейді ұйым өкілдері.  

Әлемнің 40-тан астам елі коронавирусқа қарсы 5 түрлі вакцинаны қолдануды бастап кетті. Олардың дені дамыған елдер. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кедей елдерге препарат кеш жеткізіліп, ұжымдық иммунитет жыл соңына дейін қалыптасып үлгермейді деп отыр. 

Брюс Эйлвард, ДДСҰ аға кеңесшісі: 
- Біз жағдайы төмен елдерге екпе ақпанда жеткізіледі деп күтеміз. Алайда бұл істі жалғыз атқара алмаймыз. Сол үшін вакцина өндірушілерін бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. 

Ал бұл - Лос-Анджелес қаласында екпе алу үшін кезекте тұрған көліктер легі. Калифорния штатында спорт ареналары, конференц-залдар мен бос мектептер вакцинанция орталығына айналды. Жалпы АҚШ-та осы уақытқа дейін 9 миллион адамға екпе салынған. Олардың ішінде елдің жаңадан сайланған президенті Джо Байден де бар. Мемлекет басшысы препараттың екінші дозасын алды. 

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:   
-Қазіргі стратегия бойынша вакцинация барысы баяу жүріп жатыр. Істі жылдамдату үшін осы аптада Доджер, Падрес стадиондары, ЭКСПО орталығын жаппай екпе егу мақсатында пайдаланамыз. 

Коронавирус алғаш рет гориллалардан анықталды. Хайуанаттар бағындағы бірнеше жануарда жөтел болған соң, сынама алынып, нәтижелері расталды. Инфекция оларға мекеме қызметкерінен жұқса керек.

Індетке Португалия президенті де шалдықты. 72 жастағы Марсело Ребело де Соуза қаңтардың 24-де екінші рет сайлауға түсіп, бақ сынамақ. Дәрігерлер қазір оның жағдайы бірқалыпты деп отыр.

Жансая Қапасқызы  


Хабарламаларға жазылу