Түркістан облысында бес ауданның инфрақұрылымы қайта жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында бес ауданның инфрақұрылымы қайта жөнделіп жатыр

11.01.2021

Түркістан облысында халқы тығыз орналасқан бес ауданның инфрақұрылымы қайта жөнделіп жатыр. Елді мекендерінің дамуына оң серпін беретін 57 жобаға облыстық бюджеттен 40 млрд теңге қаралған. Бұл қаражатқа ауылдық жерлерде мектептер мен ауруханалар салынып, жол жөнделеді және газ құбырлары тартылады. 

Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ пен Еңкес ауылдарының ортасынан Келес өзені өтеді. Сондықтан екі ауылдың 13 мыңға тарта халқы бір-біріне қатынау үшін он бес шақырымдай жолды айналып өтетін. Ағымдағы жылы өзен үстінен жаңа көпір салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілді. Ұзындығы 60 метр, ал ені 10 метрді құрайтын өткел екі ауыл арасындағы жолды жеті есеге қысқартқан.   

Ергеш Исақов, Ынтымақ ауылының тұрғыны: 
- Бұрын екі ауылдың арасы 15 километрге жақын еді. Жол ұзақ болатын. Қазір жаңа көпір біткелі халыққа өте ыңғайлы болып қалды. 

Бес ауданды дамытудың кешенді жоспары аясында биыл 30 млрд теңге қаражат игеріліп, ауылдарға бірқатар әлеуметтік нысандар салынды. Ауыз сулар беріліп, газ құбырлары тартылды. Десе де негізгі басымдық облыстық маңызы бар және ауыл арасындағы жолдарды жөндеуге беріліп отыр. 

Роллан Ибрагимов, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Биыл 1,5 мың шақырым жол жөндеуден өтті. Келесі жылға бізде 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына смета бір жарым миллиард теңгеге жасалған. Оның бір миллиарды игерілді. 

Кешенді жоспар аясында тағы бірқатар жобалар Үкімет тарапынан мақұлданып, оған да тиісті қаражаттар қарастырылған. Бұл қаржыға келер жылы ауқымды жұмыстар атқарылып, бір жыл бойына жүзеге асырылмақ. 

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: 
- Келесі жылға 16 жобаға қазір Үкіметтің шешімін алдық. Бизнестің жол картасы аясында тағы қосымша әлеуметтік нысандарды салу бастайын деп жатырмыз. Оның ішінде мектептер, ауруханалар бар. Жолдар, газ құбырлары, газ тарататын жүйелер де қарастырылған. 

Елді мекендерінің дамуына облыстық бюджеттен бөлінген 10 млрд теңге келер жылы игерілмек. Өйткені кешенді жоспар аясындағы жобаларды іске асыру екі жылға жалғасады. Осылайша Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Келес аудандарымен бірге Сайрам ауданында да жаңа нысандар бой көтеріп, елді мекендер жаңарып қалмақ. 

 Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу