Байқаушылар елді мекендерде өткен сайлауды жоғары бағалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқаушылар елді мекендерде өткен сайлауды жоғары бағалады

11.01.2021

Елдегі саяси науқанның өту барысын Еуропа, Балтық елдері, ТМД мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымынан келген арнайы топ бақылады. Олар облыс орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендерге да барды. Осы саяси науқан барысында халықтың әлеуметтік ахуалын да бағамдадық дейді олар. 

Мемлекет халықты әлеуметтік жағынан қорғау үшін барынша жағдай жасаған. Алыс аудандар мен ауылдардағы сайлау барысын қадағалап, халықтың тұрмыс-тіршілігін көрген халықаралық байқаушылар осылай дейді. Мәселен, Ресей федерациясынан келген байқаушылар Павлодар облысындағы шалғай ауылдарға барды. 

Юрий Объедко, халықаралық байқаушы:
Біз сайлауды қадағалаған байқаушы ретінде ғана емес, халықтың тұрмыс тіршілігін көру үшін бірқатар нысандарды араладық. Мектеп, медициналық мекемелердегі жағдайды көрдік. Бұл салаларға мемлекет қомақты қаржы құйған екен. Бұл болашаққа салынған инвестиция. 

Шығыс Қазақстанға өзге мемлекеттерден 8 байқаушы келген. Саяси науқанды сырттай бақылағандар, әсіресе жастардың белсенділігіне риза болғандарын айтады. «Жастар - қоғамды алға сүйрейтін үлкен күш, сондықтан олардың мұндай республика деңгейіндегі ауқымды шараларға өзіндік үн қосуы олардың жауапкершілігін айғақтайды», - дейді олар. 

Денис Голобородько, халықаралық байқаушы: 
Біз жоспарланған 8 сайлау учаскесін түгел араладық. Сайлау барысының, дауыс беру үрдісінің заңға сәйкес жүзеге асқанын көрдік. Сайлау учаскелері бекітілген уақытта ашылды, барлық талап орындалды. Тұрғындар көптеп келді. Көңіл-күйлері керемет болды. 

Сайлауға халықтың жұмылуы, олардың саяси шараға бір кісідей келуі бұл атқарушы органдардың да жақсы жұмысының нәтижесі. «Халық бұл шараның маңыздылығын жете түсінген», - дейді Шымкенттегі сайлауды бақылаған өзбекстандық байқаушы Бахтиёр Махмадалиев. 

Бахтиёр Махмадалиев, шетелдік байқаушы: 
Сайлау учаскелері ашыла салысымен сайлау учаскесіне келдік. Қазір №10 учаскедеміз. Байқағанымыз, жергілікті тұрғындар таң ертесімен келе бастады. Жалпы сайлау туралы жақсы хабардар етілген және тиісті санитарлық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрдік. Бақылаушылар тарапынан ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмегенін айта аламыз.

Карантин жағдайында сайлау өткізудің қиыншылықтарына қарамастан өңірлер кәсіби және техникалық тұрғыда жақсы дайындалған, мамандар да міндеттерін жақсы біледі дейді халықаралық байқаушылар. 

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу