Сайлау демократиялық талаптарға сай өтті - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау демократиялық талаптарға сай өтті - сарапшылар

11.01.2021

Сайлау демократиялық талаптарға сай өтті. Бұл қазақстандықтардың саяси талғамы, белсенділігі артқанын көрсетіп отыр дейді сарапшылар. Азаматтардың таңдау жасауы - елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың кепілі. Жалпы көппартиялы Парламенттiң жасақталуы Қазақстандағы демократияның онан әрі ілгерілеуіне негіз болмақшы. Қарағанды облысында дауыс берген сайлаушылардың үлесі жетпіс пайыздан асты. Бұл аймақ тұрғындарының саяси науқанға асқан жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. 

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы: 
Exit poll-дың алдын ала нәтижелеріне қарайтын болсақ, сайлау процестерінің қалыпты жүріп жатқанын көре аламыз. Өйткені қазақстандықтар өз таңдауын тұрақты эволюциялық прогрессті дамудағы басты бағыттарды айқындағаны көрініп тұр. Өрескел, күрделі заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.
Самат Нұртаза, саясаттанушы: 
Сайлау толыққанды өтті. Ойдағыдай өтті. Халық таңғы алтыдан кешкі 20:00-ге дейін дауыс берді. Кейбір адамдар ұлттық киім киіп, сән-салтанатымен келді. Бұл жақсы үрдіс.

Еліміздің жастары қоғамды алға сүйреуші үлкен күш. Сондықтан әрбір саяси науқаннан тыс қалған емес. Шығыс Қазақстан облысындағы жастар да кешегі сайлауға белсенді қатысып, болашаққа бейжай қарамайтындарын көрсетті. 

Аяужан Әшімова, сарапшы: 
Дауыс беру учаскісіне келген азаматтар өзін сондай мәдениетті ұстағанын атап өтуге болады. Сайлау мәдениетінің қандай деңгейде екенін көрсетті және ол бізді қанағаттандырып отыр. Бәрі заң аясында өтті. 

Шымкенттің тұрғындары қала мегаполис мәртебесіне ие болғалы Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депуттарының сайлауын алғаш өткізді. Саясаттанушы-сарапшы мамандардың пікірінше, бұл жолғы сайлау халықтың саяси санасының мемлекеттің өркендеуімен қатар өсіп келе жатқанын анық аңғартқан. Экономикалық өрлеу, тұрақтылық пен даму азаматтардың саяси науқанға белсенді қатысуына әсер етті. 

Сәкен Мәжінбеков, саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты:
Мен өзім байқаушы болып аралап көрген учаскелерімде теріс әрекеттерді болмаса дау-жанжалға ұласып жатқан жағдайларды кезіктірмедім. Өркениетті, мәдениетті түрде өтті десек асыра сілтеген теңеу емес. 

Қостанай облысында сайлаушылардың 72 пайызға жуығы учаскелерге келіп өз таңдауын жасаған. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Аймақта ресми мәлімет бойынша 567 819 сайлаушы тіркелген. Оларға кеше 747 сайлау учаскесі қызмет көрсетті.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу