Халықаралық ұйымдар Парламент сайлауына оң бағасын берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық ұйымдар Парламент сайлауына оң бағасын берді

11.01.2021

Халықаралық ұйымдар елде өткен сайлауға оң бағасын берді. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының өкілдері бүгін баспасөз мәслихатын өткізді.  

Сайлау еркін, ашық әрі демократиялы түрде өтті. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының миссиясы елдің саяси науқанға дайындығы мен өту барысына осылай бағалады. 15 байқаушыдан құралған топ 118 сайлау учаскесін аралаған. 

Чжан Хайчжоу, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары, байқаушылар миссиясының басшысы:
Азаматтардың конституциялық құқықтарын тең және еркін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалды. Сайлау нәтижелеріне әсер ететіндей кемшіліктер кездескен жоқ. Миссия елдің заң шығарушы органын – сайлау демократиялық Қазақстанды одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды деп мәлімдейді. 

Қазақстанның сайлау өткізу тәжірибесін өзге елдер қолданғаны дұрыс. Бұл - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өкілінің пікірі. Құрамы да ең көп миссия. 

Умахан Умаханов, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы ПА бақылаушылар миссиясының мүшесі:
Біз кеше 49 сайлау учаскесінде болдық. Бірде-бір заңбұзушылық тіркелген жоқ. Осы қиын уақытта Қазақстанда сайлаудың қалай ұйымдастырылғанын көрдік және басқа елдер қазақстандық тәжірибені қолданады деп ойлаймын. Мен Мемлекеттік Думаның екі шақырылымында болдым, сайлауда көп мәрте бақылаушы болдым, бірақ Қазақстандағыдай ұйымдастырушылық деңгейді көргенім жоқ.
Исмет Учма, ТүркПА делегациясының басшысы:
Сайлау халықаралық нормаларға және Қазақстанның сайлау туралы ұлттық заңнамасына сай өтті. Сайлау комиссияларының және сайлау науқанының жұмысына мемлекеттік билік органдары тарапынан араласуға қатысты бірде-бір шағым айтылған жоқ.

Жалпы сайлауды бақылауға 400-ге жуық халықаралық байқаушы келді. Бәрінің пікірі ортақ. Яғни азаматтарға тең жағдай мен тең мүмкіндік жасалғанын айтады. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу