Халықаралық байқаушылар сайлауға оң бағасын берді

11.01.2021

Кешегі сайлау үгіт-насихат жұмыстарынан бастап саяси науқанның соңына дейін заң шеңберінде өтті. ТМД елдерінен келген халықаралық байқаушылар осындай баға беріп отыр. Сайлауға қатысқан барлық партияларға тең мүмкіндік беріліп, өз бағдарламаларын таныстыруға кедергі келтірілген жоқ. Сайлау күні барлық ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жылдам жеткізіліп отырды. Ал, сайлау учаскелерінде санитарлық талаптардың, дауыс берудің құпиялығының, заңның сақталуы реттеліп отырды, - дейді халықаралық байқаушылар.

Виктор Бондарев, ТМД байқаушылар миссиясының басшысы:
-Біз өзіміздің миссиямызды Қазақстан Республикасының конституциясын, халықаралық келісімдерді негізге ала отырып еркін әрі тәуелсіз жүргіздік. Сайлаушылармен, партия өкілдерімен, жергілікті байқаушылармен де тілдестік. Ешқайсысы заң бұзушылықтар туралы шағым айтпады. Осылардың барлығын және өзіміздің күні бойғы жұмысымызды қорытындылай келе сайлаудың нәтижесін өзгертуі мүмкін заң бұзушылықтың болмағанын айта аламыз.

Биылғы сайлау Парламентке үлкен өзгеріс әкеледі. Саясаттанушы Марат Бәшімов осылай деп отыр. Жаңа заңға сәйкес жастар мен әйелдердің Парламенттегі үлесі артса, әлеуметтік мәселелер бұрынғыдан да тез шешімін табады. Ал сайлау учаскелеріндегі санитарлық талаптардың сақталуына қарапайым халық та үлес қосты дейді ол.

Марат Бәшімов, саясаттанушы:
-Санитарлық эпидемиологиялық жағдай болғаннан кейін өз өздері сақтанып жүрді. Бәрінде де маскасы бар. Кейде қаламмен келгенін де өзім көрдім. Жалпы айтып кету керек менің сайлауға көңілім толады. Өйткені сайлау бәрі ашық түрде өтті. 


Оңғар Алпысбайұлы 

Хабарламаларға жазылу