Еуропадағы қазақстандықтар белсенді түрде дауыс беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы қазақстандықтар белсенді түрде дауыс беріп жатыр

11.01.2021

Еуропадағы қандастарымыз да сайлауға белсене қатысып жатыр. Қазақстан елшіліктерінің жанынан құрылған сайлау учаскелері 1-2 сағаттан кейін жабылады. Соңғы сағаттарда қандастарымыз өздерінің конституциялық құқын пайдалануға асығуда. Германия, Франция, Ұлыбритания мен Бельгиядағы саяси науқан жайлы толығырақ тілшіміз Нұрсұлу Қасымның репортажында. 

Бельгиядағы Қазақстан елшілігі жанынан ашылған 241-сайлау учаскесіне жерлестеріміз таң атқаннан жиналды. Сайлаудың маңыздылығын жас ұрпақтың санасына кішкентайынан сіңірейін деп көбі балаларын ерте келген. Тізімге тіркелген 200 адамның дені түс ауғанша азаматтық борышын өтеп үлгерді.

Ұлыбританияда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да өз таңдауын жасады. Бүгінде коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрінің тез тарауына байланысты Біріккен корольдікте жалпыұлттық локдаун, ал Лондонда, тіпті, төтенше жағдай жарияланып, жағдай ушығып тұр. Бірақ жергілікті үкімет отандастарымызға Лондондағы Қазақстан елшілігіне барып, дауыс беруге ресми түрде рұқсат етті. Маңызды науқанға қатысамын деп 500-ден астам адам ниет білдірген. Вирусты жұқтырып алмас үшін жерлестеріміз пойызға отырмай, алыс қалалардан сайлау учаскесіне жеке көлік жалдап келген. Лондондық қазақтар автобустың орнына велосипедті таңдаған. 

Сәлима Әбдірашова, студент:
-Мен Алматы қаласының тұрғыны болып келемін. Осы Лондонға International House London орталығына тіл оқуға келдім. Өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, осы сайлау учаскесіне келіп, өзімнің даусымды беріп жатырмын. Барлығы ойдағыдай өтті. Осыған өте қуаныштымын.   

Германиядағы қазақстандықтар үшін Берлиндегі учаскеден бөлек Франкфурттағы еліміздің бас консулдығы жанынан №282-сайлау учаскесі жұмыс істеді. Неміс жерінде жұмыс бабымен жүрген жерлестеріміз, дипломаттар мен қазақ диаспорасының өкілдері, 100 шақты адам осында дауыс берді.

Франция мен Монакодағы қандастарымыз конституциялық құқын пайдалу үшін Париждегі Қазақстан елшілігінде орналасқан №246-сайлау учаскесіне асықты. Мұнда да санитарлық талаптар қатаң сақталды. Сайлаушылардың дене қызуы кіре-берісте тексеріліп, санитайзер, қажет болған жағдайда маска мен қолғаптар таратылды. 

Мұрагер Сауранбаев, ҚР-ның Франциядағы елшілігі жанынан құрылған №246 сайлау учаскесінің төрағасы:
-Қазіргі сағатта Франциядағы сайлаушылар тізіміне тіркелген Отандастарымыздың 90 пайызы дауыс беріп үлгерді. Олардың көпшілігі еліміздің студенттері, қазақ диаспорасының өкілдері, елшілік қызметкерлері мен олардың кәмелетке толған отбасы мүшелері және француздық кәсіпорындарда қызмет атқарып жатқан біздің азаматтарымыз бар. 
Майра Ысқақова, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілі:
-Бүгінгі болып жатқан дауыс беру ұйымдастырушыларына өте ризамын. 

Қарт құрлықтағы локдаун, комменданттық сағат пен вирустың өршіп тұрғанына қарамастан Еуропадағы қазақстандықтар саяси науқанда осылайша белсенділік танытты. 

Нұрсұлу Қасым



Хабарламаларға жазылу