Заң бойынша Үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент сайлау аяқталған соң Парламентте фракциялардың жетекшілерімен кездесетінін айтты. Ол жаңадан сайланған депутаттармен үкімет басшысы және оның құрамын жасақтау бойынша ақылдаспақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ойларын журналистерге сайлау учаскесінде дауыс беріп болған соң жеткізді.
Альбина Әшім, Тілші:
Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде таңертеңнен бері абыр-сабыр, адам толастар емес. Байқасаңыздар, дауыс берушілер сақтық шараларын ескерген, бәрінде бетперде. Жалпы, бұл учаскеде 3040 адам тіркелген екен. Түске дейін шамамен 300-ден астам адам келіп, өз таңдауын жасаған. Олардың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Протокол да, сақтық шаралары да қатаң қадағаланды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз таңдауын жасап, дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беруге асықты. Пандемияға байланысты президентті көбіне онлайн көріп жүрген тілшілер қауымы да бетпе-бет кездесуді сағынып қалғандай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көңіл-күйім көтеріңкі. Халқымыз белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Жалпы, белсенділік өте жоғары. Сондықтан сайлау әділ болады, жақсы өтеді деп ойлаймын. Жалпы, біз Қазақстанның болашағы үшін, еліміздің дамуы үшін дауыс беріп жатырмыз. Сондықтан Парламентте былай, жалпы айтқанда, еліміздің болашағы туралы, халқымыздың тағдыры туралы кең ауқымды пікірталас болуы керек.
Сондай-ақ қаңтардың 15-і күні Президент Парламентте сөз сөйлеп, кейін Ұлттық кеңестің отырысы өтетінін мәлімдеді. Онда жаңа саяси реформалар пакеті жариялануы тиіс. Демек, санаулы күннен соң елдің саяси өмірі қыза түспек. Брифингте Америкадағы ахуал да сөз болды. Журналистер Капитолийдегі бүлікке қатысты Президенттің пікірін сұрап білді. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың сайланған Президенті Джо Байденнің ұстанымын қолдайтынын жеткізіп, оқиғаға заңсыздық пен экстремизм деген баға берді. Сондай-ақ қос елдің қатынасына сызат түспейтінінен үмітті екенін жеткізді. Ал қазақ халқын демократия жолынан тайынбауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін - еліміз үшін, халқымыз үшін өте ерекше күн. Себебі сайлау деген кез-келген елдің өміріндегі маңызды саяси оқиға біз бәріміз ел болып, халық болып бүгін дауыс беріп жатырмыз. Бұл сайлау біздің халқымыздың одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Жалпы, Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, біздің еліміздің болашағы үшін соғұрлым жақсы болады деп үміттенемін.
Президент саяси науқанның әділ өтуі үшін әр үміткерге тең мүмкіндік берілгенін атап өтті. Ал халық алдында азаматтық парызын орындап, өз таңдауын жасау міндеті тұр.
Альбина Әшім