Трамп билікті бейбіт жолмен беретінін хабарлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп билікті бейбіт жолмен беретінін хабарлады

07.01.2021

АҚШ Конгресі Байденнің сайлауда жеңіске жеткенін жариялаған соң, Дональд Трамп билікті бейбіт жолмен табыстауға келісті. Бұл туралы ол Twitter желісі арқылы хабарлады. Капитолиде болған бүлік оның беделіне нұқсан келтіргені анық.  

Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:  
-АҚШ президентін сайлау үшін тағайындалған жалпы сайлаушылар алқасының саны – 538. Олардың 306-ы Джо Байденге, 232-сі Дональд Трампқа дауыс берді.  

Осылайша, АҚШ Конгресі даулы сайлаудың соңғы нүктесін қойды. Демократ Джо Байденнің жеңісі ресми түрде жарияланып, Американың 46-шы президентінің есімі анықталды. Алайда Дональд Трамп әлі де нәтижелерді мойындамай, соңғы шешіммен келіспейтінін білдіріп отыр. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Дэн Скавиноның «Твиттер» парақшасында хабарлады. Себебі Трамптың әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталған. Десе де ол билікті Конституцияға сай табыстайтынын жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:  
-Сайлау нәтижелерімен түбегейлі келіспейтініме және бұған дәлелдердің жеткілікті екеінен қарамастан, қаңтардың 20-да билік бейбіт жолмен табысталады. 

Ал демократ Джо Байден бұл оқиғаны демократияға «бұрын соңды жасалмаған шабуыл» ретінде бағалап отыр.  

Джо Байден, АҚШ-тың сайланған президенті: 
-Капитолиге жасалған шабуыл нағыз бүлік. Оны жасағандар заңды құрметтемейтін лаңкестер. Болған оқиға – наразылық акциясы емес. Бұл – көтеріліс. Ол демократия қағидаларына, Американың құндылықтарына да қайшы.  

Капитолидегі тәртіпсіздіктер Трамптың беделіне кері әсерін тигізіп жатыр. Оқиғадан кейін, оның көптеген жақтастары, республикашыл сенаторлар президенттің әрекеттерін сынап тастады. Бұл үндеулерге Германия, Ұлыбритания, Франция, Израиль және тағы да басқа мемлекет басшылары қосылды.

Ангела Меркель, Германия канцлері:  
-Кеше барлығымыз да АҚШ Конгресіне жасалған шабуылды көрдік. Бұл жаңалық мені ашуландырды. Адамдардың қайтыс болғаны өкінішті. Десе де Конгрестің шешімі демократияның орнайтынынан үміт береді.  

Бүліктен кейін Капитолиде екі жарылғыш зат табылған. Қазір парламент ордасын Ұлттық гвардия мен Федералдық тергеу бюросының мамандары қатаң бақылауға алған. Вашингтондағы төтенше жағдай да Байденнің инаугурациясына, яғни қаңтардың 20-на дейін сақталады. 

Жансая Қапасқызы 


Хабарламаларға жазылу