«Қоғамдық кеңестер» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді олардың құрамын қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылып отыр. Бұрын қоғамдық кеңес мүшелерінің саны нақты қарастырылмаған болатын. Жаңа нормаға сәйкес, қызметкерлер саны республикалық деңгейде 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде халық санына байланысты бекітіледі. Әрі олардың қатарында түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болуы тиіс.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі өткізген брифингте айтылды. Жаңа заңның тағы бір жаңалығы - қоғамдық кеңес мүшелеріне мемлекеттік сатып алулар мен конкурстарға бақылаушы ретінде қатысу құқығы беріледі. Сондықтан тәуелсіз сарапшыларды тарту мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Ал қоғамдық кеңестердің атқарған жұмысы туралы енді жыл сайын Мемлекет басшысына баяндама дайындалатын болады.
Болат Тлепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:-Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды негізге ала отырып, квазимемлекеттік секторларда, атап айтқанда, ұлттық компанияларда, ұлттық холдингтарда, ұлттық басқару холдингтарында қоғамдық кеңестер құру жөнінде толықтырулар енгізілді. Бұл осы саланың ашықтығын және жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отырған шара.
Ақниет Балтанова