Семей қаласы «сары» аймаққа өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей қаласы «сары» аймаққа өтті

05.01.2021

Атырау облысы мен Семей қаласы COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының артуына байланысты «сары» аймаққа енді. Маңғыстау облысында да жағдай ушығып барады. Соңғы 4 күнде 50 адамнан қауіпті індет анықталған. Осылай жалғаса берсе, өңір «сары» аймаққа өтуі мүмкін.    

Семей қаласының әкімшілігі соңғы аптада эпидемиологиялық жағдай нашарлағандығын мәлімдеп отыр. Сол себепті шаһар 4-ші қаңтардан бастап «сары» аймаққа енді. Мамандар жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін міндетті түрде маска тағып жүру керектігін, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, көпшілік орындарға бармауды ескертеді. Жалпы Шығыс Қазақстан бойынша қауіпті дертті жұқтырғандар саны - 19 мыңнан асты. 

Маңғыстауда соңғы 4 күнде 50 адамнан коронавирус анықталды. Жағдай жақсармаса, өңір 1 апта көлемінде «сары» аймаққа енуі мүмкін. Бұл туралы бүгін брифингте облыстың бас санитар дәрігері мәлімдеді. Оның айтуынша, желтоқсан айының басында індет жұқтыру көрсеткіші екі есе төмен болған. Ал, қазір науқастар саны күрт өсіп барады. Сондықтан эпидемиологиялық жағдай жедел штабта қаралып, карантиндік шараларға өзгерістер енгізілмек. Облыста 113 науқас ем алып жатыр. Көбінің жағдайы ауыр.   

Шайхамадин Берқалиев, облыстық модульдік инфекциялық стационардың жетекшісі:  
-12 адам реанимацияда жатыр. 5-еуі қатаң жағдайда. Қалғандары тұрақты қатаң жағдайда. 

Түркістан облысында соңғы бір аптада 56 адам COVID-19 вирусын жұқтырған. Індетке шалдыққандар қатары негізінен Мақтаарал, Жетісай мен Сайрам аудандарында тіркелген. Осыған орай облыс әкімі барлық аудан-қалаларда шектеу шараларын қатаңдату мен мобильдік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.  

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі: 
 - Барлық мекемелерге барып, қайта тексеріңіздер. Бұған әкімдер тікелей жауап береді.

Аймақта тұрғындардың бетперде тағып жүруі және халық көп шоғырланатын орындарда арақашықтықтың сақталуы қайтадан қатаң қадағаланады. Ал жергілікті билік өкілдері болса, карантин талаптарын сақтамағандармен күресті күшейтпек. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу