Қостанайда байқаушылар әдістемелік кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда байқаушылар әдістемелік кездесу өткізді

06.01.2021

Қостанайда байқаушылар аумақтық сайлау комиссияларымен онлайн түрде әдістемелік кездесулер өткізді. Биылғы сайлау науқанының бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден 16 жылдан соң алғаш рет саяси шара өз мерзімінде өткелі отыр. Екіншіден әлемді пандемия жайлаған кезге тура келді. Әрі сайлау туралы заңға да өзгерістер енгізілген. Бұл кездесулердің мақсаты – байқаушылардың дайындығын пысықтап, саяси науқанның әділ өтуін қамтамасыз ету. Сондықтан алда тұрған міндет - қандай да бір заң бұзушылықтарды тіркеу емес, оның алдын-алу. Облыс аумағында қазірдің өзінде 700 байқаушы тіркелген. 

Болат Қалиев, облыстық сайлауды бақылау орталығының жетекшісі:
-Көптеген тренингтер өткіздік. Өйткені байқаушы тек заңға жетік болып қоймай, психологиялық тұрғыда да кез келген жағдайға дайын болуы керек. Соның барлығын сараптап өткіздік. 

Ақтөбеде сайлауды партиялық емес бақылау штабының облыстық базасында Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері шақырылған. Қазірдің өзінде байқаушы ретінде тіркелген 2 мыңнан аса адам бар. Бес рет арнайы семинарлар ұйымдастырылды. 

Жиналғандарға сайлау туралы заңнама кеңінен түсіндірілді. Яғни, соңғы өзгерістерге сай, сайлаушылар ара қашықтықты сақтауы тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирлер өткізуге, бейнекамераға түсіруге болмайды. Аудандардан да партиядан тыс байқаушылар тіркелді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу