Басты Жаңалықтар КВИ-ға қарсы екпе 10 миллион адамға егіледі

КВИ-ға қарсы екпе 10 миллион адамға егіледі

2021 жылы денсаулық сақтау саласын көптеген оң өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерін дамыту, жаңа технологиялар мен аппараттар санын арттыру жоспарланған. Сондай-ақ, ақпан айында ресейлік, ал наурызда қазақстандық вакцина дайын болады.  

2021 жылы халықты жаппай вакцинациялау басталады. Екпе 10 миллион адамға жасалады деген жоспар бар. Ең алдымен медицина мамандары, педагогтер, полиция және әскери қызметкерлер егіледі. Одан кейін 18 бен 60 жас аралығындағы кез келген азамат өз қалауымен екпе жасата алады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:  
-Бізде қазір 2 млн доза ресейлік Спутник V вакцинасымен келісімшарт бар. Ал ары қарай бұл екпе Қарағандыда өндіріледі. Ерікті түрде және тегін болады. Ресейлік екпе де, қазақстандық екпе де қазір тексерістің 2-ші сатысынан өтіп, 96% тиімділігін көрсетті. Енді 3-ші тексерістен өткізіп жатырмыз.    

Бүгінде Атырау облысы «қызыл» аймақта, ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлері және Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы «сары» аймақта тұр. Дегенмен мереке қарсаңында базарлар мен дүкендерде адам көп шоғырланғандықтан індет жұқтырғандар саны күрт өсуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі мәлімдеді.  

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:  
-Жаңа жыл мейрамы кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмағандықтан, қаңтар айында ауру саны көтерілуі мүмкін. Сондықтан бәрін дайындап қойдық. Орындар мен аппараттар дайын.  

Өткен жылы вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы толық төленген, ал төтенше жағдай кезінде тынымсыз еңбектенген дәрігерлер де үстемақы алды дейді ведомства өкілдері және 11-сынып оқушылары 3 тоқсаннан дәстүрлі оқыту форматына көшетінін, ал колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері ІІ жартыжылдықтан бастап аралас форматта оқитынын мәлімдеді.

Ақниет Балтанова, тілші: 
-Ал алдағы сайлауда комиссия мүшелері, бақылаушылар мен байқаушылар өз өтінішімен ПТР-тестті тегін тапсыра алады. Сондай-ақ, бас санитар дәрігердің қаулысымен температурасы бар азаматтарға жеке бөлме дайындалады. Дауыс беруге келген көпшіліктің арақашықтық сақтауы мен мен маска тағуы қатаң қадағаланады және сайлау учаскілерінде бағыттаушы белгілер мен санитайзерлер орнатылуы тиіс.  

 Ақниет Балтанова


Бөлісу