Биыл денсаулық сақтау саласы сыналған жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл денсаулық сақтау саласы сыналған жыл болды

30.12.2020

Биыл денсаулық сақтау саласы сыналған жыл болды. Жаһанды жайлаған індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Тоғыз ай бұрын анықталған ауру тұтас адамзатты есеңгіретті. Індетке ақ халаттылар да жаппай шалдығып, жағдай одан әрі ушықты. Ал, осы сынаққа төтеп беру үшін медицина саласында қандай шаралар атқарылды? Раушан Сайлауқызының материалы. 

 Раушан Сайлауқызы, тілші:  
-2020 жылдың 13 наурызы. Тап осы күні дүниені дүрліктірген дерттің алғашқы жағдайы бізде тіркелді. Бастапқы күндері 3 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, кейін аз күнде бүкіл елге жайылды. Іле төтенше жағдай жарияланды, қалалар карантинге жабылды. Шектеу күшейтілді. Маска тағу, арақашықтық сақтау сияқты санитарлық талаптар бекітілді. Бір айда 979 адам вирус жұқтырды. Цифр бірнеше есеге көп болуы мүмкін еді. Сақтық шаралары дер кезінде қолға алынды. Дегенмен, халықта бейғамдық басым еді. Салдарынан маусым-шілде айларында дерт үдеп, дес бермей кетті.   
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:  
-Барлық аурухана соғыс алаңына, ал медицина мамандары солдат тәрізді күй кешті. Көрінбейтін жаумен күресу оңайға соққан жоқ. Сол себепті, дәрігерлердің еңбегі де еселі деп айтар ем.. Қауіптің ортасында жүрген мамандарға үш санат бойынша қаржылай көмек көрсетілді. Наурыз бен қараша айы аралығында 102 млрд теңге жұмсалды. Бұл қолдау келер жылы да жалғасады.   

Ал, шілдеде науқастар саны 58 мыңнан асты. Елді есеңгіреткен ауру 375 адамның өмірін жалмады. Пандемия құрбандарын еске алу үшін 13-шілде елде Ұлттық аза тұту күні жарияланды. Қатерлі ауру ақ халаттыларды айналып өтпеді. Салдарынан маман тапшылығы сезілді, дәрі-дәрмек жетіспеді, ауруханалар лық толды. Бұл сынаққа төтеп беру оңайға соққан жоқ. Десе де апталап, айлап отбасын көрмеген ақ халаттылар қауымы адам өмірін бәрінен биік қойды. Кәсіби борышын тиісті деңгейде атқарды.

Клара Бөлеубайқызы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент:
-Біздің медицина қызметкерлері осы пандемия кезінде күн-түн демей, еңбек етуде. Сондықтан медицина қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетсекте артық емес. Медицина мамандарына мүмкіндігінше көмек көрсетілді деп айтуға болады. Президентіміздің өзі кезекті Үкімет отырысында инфекция жұқтыру жағдайына түбегейлі тексеріс жүргізбей, тиесілі қаржыны беру керек деді. Менің ойымша, Президенттің осы сөзі үлкен қолдау деп ойлаймын.  

Осылайша, алғашқы толқынның сынағынан сабақ алған денсаулық сақтау саласы қауіптің екінші кезеңіне қамдана бастады. 2700 орынға шақталған 13 модульді инфекциялық аурухана бой көтерді. Аудандық ауруханалар жанынан 100 жылжымалы медициналық кешен жұмысын бастады. Дәрінің екі айлық қоры әзірленді. Жедел жәрдем қызметі 1167 жаңа көлікпен қамтылды. ПТР тестілеу құны екі есе төмендеп, халыққа қолжетімді болды. Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта дәрежелі мамандардың айлығы 20 пайызға көбейді. Ал ғалымдар ауруға төтеп беретін вакцинаны зерттеп, зерделеу үстінде. Мамандардың кәсіби біліктілігінің арқасында науқастардың 87 пайызы дертінен құлан таза айықты. Саладағы бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі, пандемия әлі аяқталған жоқ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу