Қызылорда облысында 50-ге жуық елді мекен әлі күнге дейін ұялы байланыс аясынан тыс өмір сүруде. Ауылдағы ағайынға 3G-4G интернетке қосылу орындалмас арманға айналды.
Әділбек Серікұлы, тілші:-Қаладан небәрі 50 шақырым қашықта орналасқан Жаназар батыр ауылы байланыс аясынан тыс қалған елді мекендердің бірі. Ауыл тұрғындары смартфон пайдалану үшін 6 шақырым жердегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойына келуге мәжбүр.
Күре жолға жақын орналасқан ауылда байланыс бірде бар, бірде жоқ. Зейнеткер Балгүл Мұханованың үш немересі студент. Олар елді мекенде онлайн оқуға мүмкіндік болмаған соң, қаладағы туыстарының үйін жағалап кеткен.
Балгүл Мұханова, ауыл тұрғыны:-Бізде қазір ешқандай байланыс тораптары жұмыс істемейді. Барлығы онлайн болып жатыр. Оқитын балаларымыздың барлығы Қызылордада жатыр.
Қашықтан оқи алмайтын болған соң, Жаназар батыр ауылында қазір студент қалмаған. Қайта мектеп дәстүрлі форматқа көшіп, оқушылар онлайн оқудың азабынан құтылды. Ғаламтордың игілігін көре алмаған жұрт бірнеше мәрте жоғарыдан көмек сұраған. Бірақ, «талап-тілегіміз әлі күнге дейін ескерілмеді»,- деп қынжылады.
Қайрат Тоқмағамбетов, ауыл тұрғыны:-Бәрімізде бір-бір студент, екіден студенттеріміз бар. Қайда кетеміз? Қазір барлық жерде оқу онлайн жүріп жатыр. Бір шетте қалған ауыл сияқты болдық қой.
Ал құжат жүзінде Жаназар батыр мобильді интернетке қосылған ауылдардың тізімінде. Өйткені, жақын орналасқан Сұлутөбе елді мекеніндегі ұялы байланыс операторының мұнарасы іргелес үш ауылға ортақ қойылған. Салаға жауапты басқарма әр ауылға жеке дара интернет желісін тартуға мүмкіндік жоқ дейді.
Юлия Термасова, облыстық цифрландыру басқармасының басшысы:-Иә, бәрінің интернеті жақсы дей алмаймыз. Тіпті, қаланың шет аумағында да мұндай мәселе бар. Ең қиыны, ұялы байланыс проблемасы жергілікті әкімдіктің тікелей құзырында емес. Оған қаржы да бөле алмаймыз. Бірақ, соның өзінде биыл 14 елді мекенді ұялы байланыс операторына қостық. Ал мобильді интернет нашар болса, бізге арыз-шағымын жолдау керек. Жіті зерттеп, шешу жолдарын қарастырамыз.
Бүгінде облыс аумағындағы 230-дан аса елді мекеннің 79 пайызы ұялы байланыс желісіне қосылған. Бірақ, іс жүзінде мобильді интернеті жоқ Жаназар батыр ауылы секілді елді мекендер жетерлік.
Әділбек Серікұлы