Алматы облысында ұжымдық кештер мен ертеңгіліктерді өткізуге қатаң тыйым салынды. Өйткені, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Күн санап індет жұқтырғандардың қатары көбеюде. Маңғыстауда да жағдай мәз емес. Соңғы аптада күніне 12-18 науқастан тіркелуде. Өңірлердегі ахуалды Аягөз Оралбайқызы баяндайды.
Маңғыстауда бүгін 12 науқас тіркелді. Оның 3-еуі Түпқараған ауданының, қалғаны Ақтау қаласының тұрғындары. Сонымен стационарда жатқан науқастар саны – 115-ке жетті.
Ләззат Есенғалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:-Расында да қазір Маңғыстау облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. 47 науқастың 8-інің жағдайы ауыр деп есептеледі. 8-дің 3-еуінің жағдайы өте ауыр.
Ал, Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны көбейді. Желтоқсан айының басынан бері 1000-ға жуық адамнан індет анықталды. Сондықтан өңірде карантиндік шаралар одан әрі күшейтіледі. Бүгіннен бастап ұжымдық кештер мен ертеңгіліктерді өткізуге қатаң тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындары жұмысын жалғастырғанымен 50 адамнан артық қабылдамауы тиіс. Облыс орталығы Талдықорғанда қаңтардың бесіне дейін спорт секциялары, үйірмелер мен бассейндер жұмыс істемейді. Кезекші сыныптардың бәрі онлайн форматқа көшірілді
Асхат Шарапиев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:-50 адам болғанымен де, бір столда 4 адамнан аспау керек. Арақашықтық әр адамның ортасында 1,5-2 метр болу керек. Және ұйымдасқан ұжыммен корпоратив не болмаса тойларға тыйым салынған.Қарағанды облысы да «жасыл аймақта» болғанымен, 5 қаңтарға дейін санитарлық шектеу шараларын күшейтті. Өңірде ойын-сауық, спорттық шаралар, мерекелік корпоративтер мен ертеңгіліктер өткізуге тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындары түнгі сағат 24.00-ге дейін жұмыс істегенімен, адам саны 50-ден аспауы керек. Бұл күндері мобильді топтар рейдті күшейтеді. Тұрғындардың маска тағуы қатаң қадағаланады.
Аягөз Оралбайқызы