Ұстаздардың жалақысы тағы 25 пайызға өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұстаздардың жалақысы тағы 25 пайызға өседі

24.12.2020

Педагог бір күнде тек екі құжат қана толтыруға міндетті. Ол сынып журналы және сабақ жоспары. Мұғалімдердің жүктемесін осы екеуінен артық көбейткен директорлар жазаға тартылады. Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қажетсіз қағазбастылықтан арылуға қатысты талаптарды ескертті.   

Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Бұл мектеппен қоса балабақша, қосымша білім беру орындары, колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздарына да қатысты. Біліктілік санатына байланысты да қосымша төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, пәнді ағылшынша жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін ақы төленеді. Тағы бір қуантарлығы, мұғалімдер қағазбастылықтан түбегейлі арылады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 
-Ұстаздар тек күніне екі құжат толтыру керек Ол заң жүзінде бекітілді. Сынып журналы және сабақ жоспары. Оны орындамаған басшылар жауапкершілікке тартылады. Қазірді өзінде 50 мектеп директоры жазаланды.  

Келер жылы 1-сынып оқушылары әліппемен қауышады. Кітап кирилл қарпінде жарық көреді. Ал латын жазуына көшу кезең-кезеңімен іске асады. Министр ковидке қарсы вакцинаға да тоқталып өтті. Отандық екпе енді үшінші кезеңнен өтеді. 3000 еріктіге екпе салу жұмыстары жүріп жатыр. Сәтті аяқталса, келер жылы наурызда вакцинациялау басталады. Бірақ екпе тек ерікті түрде жүргізіледі. Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған министр өз жағдайын да айтты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 
-Ешқандай дене қызуы, басқа да қиындықтар болған жоқ. Иммунитет бойынша тиісті антиденелер пайда болды. Оны мен Алматыға барып, зерттеу болып жатқан зертханаға қанымды тапсырғанда көзіміз жетті. Бірақ, дегенмен, осындай иммунитет пайда болса да, қазіргі уақытта да біз санитарлық талаптарды бұзбауымыз керек .

Сапасыз білім беретін университеттерді тексеру жұмысы жалғасуда. 5 университет жабылды. 25 университет 67 лицензиясынан, 130 колледж 300 лицензиядан айырылды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
-Келер жылы 9-11 сынып оқушыларын мемлекеттік емтихан мен Ұлттық бірыңғай тестілеу тәрізді білім сынақтары күтіп тұр. Ал 1-курс студенттері оқу басталғалы 3 ай өтсе де әлі күнге дейін білім беретін шаңырағын көрген жоқ. Олардың оқу үлгерімі ақсап қалмас үшін келесі тоқсаннан бастап дәстүрлі оқу жалғасады.     

Раушан Сайлауқызы


Ұстаз жалақы

Хабарламаларға жазылу