Елімізде бет ауруын бірегей операция арқылы емдеу тәсілі игерілуде

23.12.2020

Бұрын-соңды бет ауруы дегенді естіген бе едіңіз? Соңғы кезде елде дәл осы дерттің түрі көбейген. Емін табу қиын. Өңірлердегі медицина қауқарсыз. Барының өзінен халық хабарсыз. Салдарынан қаншама науқас баз кешіп жүр. Жалпы, аурудың себебі неде, дауасы қандай? Асима Нұрбайқызы тарқатады.  

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған. Ас батпайды. Бір татым суға зар. Балжан Құрбанбаеваның 9 айдан бергі қорлығы осы. Бет ауруы жанына әбден батқан.

Балжан Құрбанбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Бұл ауруды айта алмаймын. Тіс ауырады іріңдеп, тамақ іше алмайсың, су іше алмайсың, қор боласың.

Медицинада бұл «үштік нерв неврологиясы» деп аталады. Яғни, тамыр мен жүйке арасындағы «айқас». Жалғыз емі – операция. Оны жасауға нейрохирургия орталығы ғана қауқарлы. Балжан Құрбанбаева Шымкенттен күдігін үмітке жеңдіріп, Елордаға жеткен. Операция 6 сағатқа созылды.  Науқастың жолы болды. Алайда, осы сырқаттың диагнозын мамандар көп жағдайда дөп басып қоя алмайды.

Еркін Медетов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі:
-Бұл аурумен қаншама адам елде жүр. Себебі көбі емі барын білмейді. Бізге осы жылдың өзінде 15 жылдан астам уақыт осы ауырсынумен шыдап келген адамдар отаға келді. Көптеген аймақтарда тек дәрімен емдеуге, инемен емдеуге тырысады. Көп науқастарда уақытша ауырсыну азайтады. Бірақ уақыт өткен сайын күшейе түседі.

Операциядан кейін науқастардың 97 пайызы аурудан толық айығады. Балжан да сондай бақытқа кенелді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу