Түркістан облысының бірнеше ауылында құбыр тартылса да жұрт судан тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының бірнеше ауылында құбыр тартылса да жұрт судан тарығып отыр

22.12.2020

Түркістан облысының Төле би ауданындағы бірнеше ауылға орталықтандырылған құбыр жүйесі тартылғанымен жұрт әлі күнге таза су іше алмай келеді. Өйткені құрылыс сапасыз жүргізілген. Ал енді бірінде дұрыс зерттелмеген жер астындағы су қоры үйді-үйге жетпей жатып таусылған.  

280 миллион теңгеге істелінген жүйе жылға жетпей жатып, жарыла бастады. Есептегіш пен бұрандалар қойылған құдық суға толғанымен ауыл ішіндегі кейбір үйдің құбырынан әлі тамшы тамбаған.

Ғалымжан Ибрагимов, ауыл тұрғыны: 
-Мемлекеттің ақшасы қайда кетті. Істеген тірлігі мынау. Пайдаланайық десек толық қамтамасыз етпейді. Су жартысына шығады толмайды. Не су жоқ, не басқа жоқ.  

«Алатауда» 500-ден аса түтін бар. Бастапқыда құбырдан сылдырап су аққанымен оның өзі сапасыз болып шықты.

Жайлаухан Жүсіпов, ауыл тұрғыны: 
-Судың дәмі нашар. Құрамында пластамасса дәмі бар. Тұрып қалған дәмі жаман. Калонканы жауып, қайта ашсаң таттың дәмі бар. Халық іше алмайды.  

Шарасыз жұрт қазір іргедегі бұлақ суымен өзегін жалғап отыр. Әкімдік абоненттерді кеңестік кезеңдегі ескі жүйеге қайта жалғап берген.

Ғани Қалмаханов, тілші: 
-Ауыл шетіндегі су жинау ғимараты әлі күнге іске қосылмаған. Қаңырап бос тұр. Өйткені ауыл тұрғындарының айтуынша мұнараға су жинау үшін бірнеше тәулік қажет. Оның өзінде жинақталған су тұрғындарға уақытпен өлшеп беруге ғана жетеді.  

Мұның барлығына мердігердің сапасыз тірлігі себеп. Есептеу құралдары орнатылмаған, үйді үйге баратын түтікшелер орталық құбырға дұрыс жалғанбаған. Нысанды қабылдап алған жергілікті билік тағы бір жылды соларды жөндеуге сарп етіпті.

Нұралхан Шарипов, Төле би ауданы әкімдігі ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
-Ол мекемеге барлық тиісті техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып жөндеттік. Жобаға сәйкестендірдік ауыз су құбырларын. Бүгінгі таңда жүйеге қосылуға дайын.  

Тау етегіндегі «Зағамбар» мен 8 март ауылдарында да тап осы жағдай. Ұңғымалар тартылып кеткен. Құбырлар қаңсып тұр. Қазына қаржысын ұқсата алмаған биілік енді оны қалай шешерін білмей дал.

Ғани Қалмаханов 


Түркістан облысы құбыр су

Хабарламаларға жазылу