Сенат БАҚ-та сыраны жарнамалауға тыйым салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат БАҚ-та сыраны жарнамалауға тыйым салды

21.12.2020

Елімізде сыраны бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға тыйым салынды. Сенат депутаттары Мәжіліске ақпараттық мәселелер жөніндегі заң жобасын қайтарды. Бұған дейін төменгі палата отандық сыраның маркасы мен атауын жарнамалауға рұқсат беруді ұсынған болатын. Сенаторлардың айтуынша, аталған ішімдік жарнамасына тыйым салынса да өткен жылы оның өндірісі 11 пайызға артқан.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл мәселе бірқатар пікірталасқа айналды. Саламатты өмір салты жөнінде үнемі айтып жүрміз. Бұл түзетулер қазақстандықтарды, соның ішінде балаларды мұндай өнімдерден қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз. 

Сенаторлар ақпараттың қолжетімділігін арттыруға да қатысты түзетулерді қабылдады. Енді мемлекеттік орган осы мақсатта арнайы бөлім ашады немесе жеке қызметкер тағайындайтын болды. Квазимемлекеттік сектор да мәліметтерді жариялауға міндеттелді. Барлық ақпарат «Ашық деректер» порталына жарияланады. Сонымен қатар, бірінші басшылар жеке блог ашуға мінтеттелді. Ол «Ашық диалог» порталында орналасады. 

Дарын Сағитов

Сенат заң

Хабарламаларға жазылу