ҚХП өкілдері білім саласындағы мәселелерді талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХП өкілдері білім саласындағы мәселелерді талқылады

15.12.2020

Партиялардың өңірлерге сапары жалғасуда. Қазақстан халық партиясы алматылық жастармен кездесіп, білім тақырыбындағы мәселелерді қаузады. Ал «нұротандықтар» Шымкентте, «Адал» партиясының өкілдері бірнеше облыстың жұртшылығымен кездесті. «Ақжол» мен «Ауыл» партияларының да белсенділігі жоғары.  

Бүгін Алматыда Қазақстан халық партиясы өкілдері білім беру мекемелерінің ұстаздары мен кездесіп, саладағы түйткілді мәселелерді талқылады. Шалғай елді мекендерде жұмыс орындарын көбейтіп, жастардың әлеуметтік жағдайын түзеп, оларға жан-жақты қолдау көрсету жайы да қозғалды. Партия өкілдері осындай ұсыныстармен қатар, алдағы уақытта студенттерге қызмет көрсететін сервистік орталық ашуды қолға алу қажет,- дейді.

Еңлік Ормаханова, ҚХП Алматы филиалының өкілі:  
- Осы студенттеріміз үшін тек қана білім бермей және де ойын-сауық, түрлі тегін спортпен айналысатын тренажерлар ашып, жұмыс қамту жағын да шешетін орталық болу керек деп есептеймін. Материалдық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да барлық жағдайлар жасалу керек. 

Депутаттыққа үміткерлер Ақмола облысының өндірістік орталығы – Степногорск қаласына барып, «Целингормаш» машина жасау зауытының ұжымымен кездесті. Өзекті сұрақтар талқыға салынды. Мәселелер қатарында білікті мамандардың тапшылығы бар. Кәсіпорын жыл сайын штат құрамының қысқарып жатқанына алаңдаулы.  

Олжас Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Экономиканың әр секторында, әр зауытта, әр бірлестікте өзіне тән мәселелері болады. Бұл жерде біз зауыт қызметкерлерімен пікір алмасып, көкейкесті сұрақтарына жауап бердік.  

«Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Шымкентке барды. Шаһардағы медициналық және әлеуметтік қызметтер сапасын көтеру, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу мәселелерін талқылау үшін қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді. Партия өкілдері әлеуметтік салаға ерекше екпін берді. Сайлауалды штаб мүшелері қаладағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, нұротандықтар «Jas Otan»-ның белсенді жастарымен де жүздестіп, саяси шараға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді. «Nur Otan» өкілдері Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында қала тұрғындарымен ашық әңгімелесті. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік қызметті 100% цифрлық форматқа көшіру қажет деген ұсыныстарын жеткізді.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері елордадағы қолөнер шеберлерімен кездесті. Отандық кәсіпкерлер «Ауыл» партиясы кандидаттарына өз өнімдерін көрсетті. Шеберлердің басым бөлігі қандастар. «Ауыл» партиясының кандидатарымен кездесуге этно-дизайнер, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық дизайн академиясының академигі Қазипа Қалиқызы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақмола облысы филиалының басшысы, графикалық жарнама дизайнері Алтынгүл Мәденқызы қатысты. «Ауыл» партиясының кандидаты Бахаргүл Төлегеннің айтуы бойынша қазіргі кезде қандастарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген, кепілсіз несиелер қарастырылмаған. Жаңадан қоныс аударғандардың 90 пайызы әлеуметтік көмекке зәру, кепілдікке беретін мүлкі жоқ. Үкіметтен берілетін бір реттік жәрдемақы өте төмен және жеткіліксіз. Қандастар өздері қоныстанатын жерлерін өз еріктерімен таңдайтындай жағдай жасаған жөн. Азаматтық алу мәселесінде ешқандай шектеу де, мерзім де болмауы тиіс.

Бахаргүл Төлеген, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі:   
-Мен өзім 20 жылдан артық айналысып келеміз. Атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарымыз насихаттасақ, онда ұрпақтарымыз отаншыл, партиоттарды тәрбиелеуімізге болады.   

Қазақстан қашан да Еуропалық Одақ кеңесіне ерекше құлақ түреді. Себебі, ол сыртқы саясаттағы салмақты стратегиялық әріптес. Бүгін беделді ұйымның елордадағы өкілдік басшысы «Ақ жол» партиясындағы Азат Перуашев және Дания Еспаевамен жабық есік жағдайында кездесті.

Ал, партияның орталық кеңсесіне АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі өкілі келді. Брайан Смит елшілікте саяси бөлімнің бірінші хатшысы.  

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:  
-Менің байқағаным, еуропалықтардың, тіпті, қазір Дания Мәдиқызы туралы мына кісі де Америка елшілігі өкілі де сол сұрақты қойды. Сіздер үшін әйелдерге, бөлінген квота қаншама, қиын ба, жоқ па деп. Біз айттық біз үшін ол жағынан ешқандай мәселе жоқ. Біз осыған дейін ешқандай квотасыз, 2012 жылдан бері тек тізімде ғана емес, Парламенттегі фракциямызды құрған кезде әйел әріптестеріміздің үлесі 40 проценттен аз емес, ешқандай заң талабынсыз.  

Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті. Басқосу барысында саяси ұйым өкілдері халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату жайын сөз етті.  

Әлімхан Әбжанов, «Ақ жол» демократиялық партиясы шымкент қалалық филиалының төрағасы:  
-Келесі жылы қазба байлықтарымыздың контрактілерінің уақыттары келе бастайды. Соларды мемлекеттік тұрғыда дұрыстап қайтадан инвесторлармен шартқа тұрғызып, жалпы халықтың әл-ауқатын көтеру. 

«Адал» партиясының өкілдері Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесті. Бұл жолы сұрақ-жауапқа көбірек көңіл бөлінді. Тұрғындар партия өкілдеріне өңір үшін өзекті болып отырған мәселелерді жеткізді. Олардың дені – әлеуметтік сипатқа ие.       

  Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар негізінен жол мәселесі, жер мәселесі, мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналардың сапасына қатысты біраз сұрақтар туып жатыр. Енді мұның ар жағына тамырына қарайтын болсақ үлкен проблема жатыр – жолдың сапасыздығын айтамыз, ал сол жолдың сапасын тексеретін бізде тәуелсіз ұйым жоқ. Сондықтан біз тәуелсіз ұйымдарды көбейтуіміз керек. Бұл жолға да қатысты, баспанаға да қатысты проблема.     

Сондай-ақ, партия мүшелері Павлодар облысындағы Тереңкөл ауданының тұрғындарымен кездесті. Шараға жастар, зейнеткерлер және кәсіпкерлер қатысты. Жиында ауыл шаруашылығының қазіргі жай-күйі талқыланды. Атап айтсақ, шаруаларға кәсіппен айналысу үшін жердің және техниканың жетіспейтіні айтылды. Бұдан басқа бизнес ашамын деген азаматтарды оқыту мәселесі де көтерілді.   

 Олжас Ордабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Кей кезде тыңайтқыштарды дұрыс қолдануда немесе мал ұстауда тұрғындардың білімі жете бермейді. Сондықтан оларды оқыту өте маңызды. Өз кәсібін ашып, еңбек етсек дейтін азаматтардың бар екені бізді қуантады. Оларға кеңес беріп, мүмкіндігінше көмектесу керек. Себебі, қазір кәсіп ашуға микронесие ала алмай, шағымданатындар өте көп.   

Раушан Сайлауқызы


партия сайлау

Хабарламаларға жазылу