Тозығы жеткен ақшаның 50 пайызынан астамы сақталса айырбастауға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тозығы жеткен ақшаның 50 пайызынан астамы сақталса айырбастауға болады

15.12.2020

Егер ескірген немесе күйген қағаз ақшалардың немесе монеталардың тең жартысынан көбі бүлінбесе айырбастауға болады. Ұлттық банк бекіткен күмәнді банкноттар мен монеталарды ауыстырудың тәртібі бар. Тек бәрі бірден емес, сараптамадан өткізуге біраз уақыт қажет.  

Ескірген ақша, жанған ақша немесе тозығы жеткен монеталар. Егер қолыңызда осындай банкноттар болса жарамсыз деп қамықпаңыз. Ұлттық банк ауыстыруға дайын. Тек ол үшін сараптама жүргізіледі. Оң нәтиже көрсетсе ақшаны айналымдағы жарамды банкноттарға айырбастауға болады. Ол үшін қосымша ақы алынбайды.

Асхат Әбішев, ҚҰБ банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы: 
-Егер де қағаз ақша бүлінсе екінші деңгейлі банктерге немесе Ұлттық банк филиалдарына келіп өткізуге болады. Мұнда сараптамадан өтеді. 50 пайызы көлемі сақталса қайтадан ол ақша төленеді.  

2019 жылы 3 971 күмәнді банкот пен монета сараптамаға қабылданып, 3 188 банкнот пен монета жарамды ақшаға айырбасталған. 2020 жылдың басынан бері Ұлттық банк 1727 күмәнді банкнот пен монеталарды сараптамаға қабылдаған. Оның 972-ін айырбастаған. Осылайша, 2020 жылдың 11 айында күмәнді банкноттар мен монеталардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған.

Асхат Әбішев, ҚҰБ банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы:  
-Осындай клеткаға салынады. 1 клетка 1 пайыз деп салынады. Осыдан санаймыз. Қанша клетка жабылды. Егер 50-ден көп болса мына ақша ауыстырылады.  

Ескеретін жайт, егер жалған ақшаны айырбастаймын деген әккі әрекет жасаған жағдайда, құқық қорғау мекемесінен бір-ақ шығуыңыз әбден мүмкін. Жалпы, Ұлттық банк тек Қазақстан Республикасының аумағында айналымда жүрген және заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валютадағы төлем банкноттары мен монеталарды ғана қабылдайды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу