«Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы Түркістанға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы Түркістанға келді

14.12.2020

Партиялардың сайлауалды үгіт насихат жұмыстары жалғасуда. Бүгін Қазақстан халық партиясының өкілдері жер-жерді аралап, әлеуметтік мәселелер төңірегінде ұсыныстарын айтты. Ал «Nur Otan» партиясының мүшелері Түркістанға барып, халықпен кездесті. «Ауыл» партиясы болса, ақындардың шығармашылығы арқылы ауыл мәселелерін көтерді. «Ақ жол» партиясы жұртты сайлауалды штаб жұмысымен таныстырды. «Адалдықтар» арнайы сайт туралы мәліметпен бөлісті 

Пандемия еліміздегі денсаулық сақтау саласын өзгерту, жетілдіру қажет екенін көрсетті. Қазақстанның халық партиясының өкілдері көкшетаулық дәрігерлермен кездесу барысында осындай ұстанымдарын жеткізді. Партия өкілдері медицина мамандарымен кездесу барысында бірқатар әлеуеметтік мәселелерді көтерді. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы экономиканың басты қозғаушы күшіне айналу керек. Сондықтан жерді тиімді пайдалану, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту ұсынылып отыр. Тұрғындардың баспана мәселесін шешу үшін үй салуға жер бөлуді жылдамдату қажет. Партия мүшелері жоғары білімді тегін қылуды ұсынады. Сондай-ақ медицина мамандарының тапшылығын жою мәселелері де сөз болды.

Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы: 
 -Болашақ дәрігерлер үшін жоғары білім алу тегін болу керек.Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің мәртебесін заң бойынша бекітуді ұсынып отырмыз. Бұл заң дәрігерлердің жалақысын жоғарлатуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік берер еді. Осылайша, біз білікті мамандардың денсаулық сақтау саласында, оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. 

Қазақстанның халықтық партия мүшелері талдықорғандық тұрғындармен кездесті. Жетісудағы жиынға партияның Мәжілістегі өкілдері арнайы келді. Қолжетімді білім және қолжетімді медицина, халықтың әлеуметтік теңдігі мәселесіне партия мүшелері ерекше мән берді. Сондай-ақ олар зейнеткерлік жасты қайта қалпына келтіру, несие рақымшылығын жасау сынды мәселелерді талқыға салды.

«Nur Otan» партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысына келді. 60-қа жуық партия белсендісі, қоғамдық пікір көшбасшылары мен партиялық тізімдердегі кандидаттар өңір аумағының жартысынан астамын қамти отырып, бірнеше кездесу өткізді. Оның қатарында аграршылар, мұғалімдер, дәрігерлер және ерекше қажеттіліктері бар адамдар бар. Көпбалалы аналармен кездесу барысында әйелдерді әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Кентау қаласында тұрғындармен кездесуде ауылдарды газдандыру, ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы республикалық сайлауалды штаб жетекшісі:  
-«Nur Otan» партиясы билеуші халықтың партиясы ретінде біз қазақ тіліне басымдық береміз. Оның қолданыс аясын кеңейтеміз. Жерді сатуға жол бермейміз. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз. 

Нұр-Сұлтан қаласында «Ақындар ауылды жырлайды» атты әдеби-поэтикалық кеші өтті. Іс-шараға «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәулеткерей Кәпұлы мен Зейін Әліпбек қатысты. Сонымен қатар, рухани кешке партияның 2017 жылдан бері жыл сайын өткізіп келе жатқан «Ауылым - алтын тұғырым» онлайн-байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары да жиналды. Аталған байқаудың басты мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді сипаттау арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Конкурс 2017-2020 жылдары арасында 4 рет өткізіліп, мыңнан астам эссе, өлеңдер мен драмалар партия қоржынына түскен болатын. Солардың барлығы 12 томдық жинаққа кіріп, кітап болып жарық көрді.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:  
-«Ауыл тақырыбы – ешқашан таусылмайтын, еш шекарасы жоқ, ештеңемен шектелмейтін күрделі тақырып екеніне көзіміз жете түсті. Ауылдың қасиеті мен киесін көрсетудің жақсы бір жолы – әдеби конкурстар арқылы дәріптеу екені белгілі. Ауылдың қадір-қасиетін, киесін қазақ халқы үшін маңыздылығын түсінбей ауылды дамыта алмаймыз. Бүгінгі кеште рухани құндылықтарды дәріптегіміз келді.  

Партия мүшелерінің сөзінше, дәл қазір жоғары технологиялық заман орнап, урбанизация шарықтап жатқанда өскелең ұрпаққа ұлттық ерекшеліктерімізді ұмыттырмауымыз керек. Кеш қарсаңында өзге де ақындар өлеңдерін оқып, әншілер домбырада әнмен шашу шашты. Жас ақын-жазушылар партия қатарын толықтырып, мүшелікке өтті.

Елордада «Ақ жол» партиясының республикалық сайлауалды штабының таныстырылымы өтті. 2020 жылдың 3 қарашасында республикалық және партияның барлық филиалдарында осындай аймақтық штабтар құрылған болатын. Республикалық штабтың басшысы - Азат Перуашев, ал Болат Өтепбаев пен Айгүл Жұмабаева орынбасарлары болып тағайындалды. Штабқа орталық аппараттың барлық жауапты қызметкерлері кірді. Сайлау алдындағы құрылтайдан кейін штаб құрамына партиялық тізімдегі кандидаттар да енгізілді.Отырыс барысында Азат Перуашев штабтың қазіргі ұйымдастырушылық жұмысы туралы айтып берді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабының басшысы: 
-Ресми тіркелген 700 үміткер. Олардың 38-і республикалық, қалғаны аудандық облыстық деңгейде. Олардың белсенді түрде қатысуын сұраймын.  

Осы аралықта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен келісімшарттар жасалып, үгіт-насихат материалдары басылып, ел өңірлерінде 317 баннер орнатылған. Іс-шаралардың желілік кестесі эпидемиологиялық жағдайға байланысты апта сайын жаңартылып, түзетіліп отырады. Қазіргі уақытта сенімді тұлғалардың тізімін тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, кеше штаб осы мәселе бойынша кеңес өткізген. Штаб басшысы Азат Перуашев әріптестерін үгіт-насихат шараларын жүргізу кезінде бас санитарлық дәрігердің барлық нұсқауларын және сайлау туралы заңдарды мүлтіксіз сақтауға шақырды.

Бүгін Шымкент жұртшылығымен кездескен «ADAL» партиясының белсенділері саяси ұйымның арнайы әзірлеген көпфункционалды сайтының мүмкіндіктерін жан-жақты айтып берді. 6 бағыттан тұратын бұл жоспарды әзірлеу үшін олар еліміздегі барлық 6 мың 200 елді мекенді аралап, ондағы түйіткілді мәселелерге көз жеткізген. Соған сәйкес түзілген бөлімнің алғашқысы «Аймағыңыздың мәселелері» деп аталады. Бұл жерде кез келген тұрғын өз ауылының әлеуметтік мәселелерін айтып, партияға тікелей сауал жібере алады. Ал сайттың екінші, «Жұмыс іздеу» бағыты еліміздегі жұмыссыздар санын нақты айқындауға және оларға қолайлы жұмыс орындарын ұсынуға көмектеседі. Сондай-ақ келесі «Бизнес идеялар» жоспарында әрбір аймақтағы жетімсіз болып жатқан қызмет көрсету түрлері, кәсіпкерлік нысандары туралы тұрғындар араасында жүргізілген сауалнама негізінде кесте түзілген. Партия осыған сүйене отырып, әрбір азаматтың жеке кәсіп ашуына қолғабыс білдірмек. «Адалдықтар» оған қоса балалардың мамандық таңдауына да көмектесетінін айтып отыр. Бүгінгі таңда олар 694 мамандық бойынша егжей-тегжейлі ақпарат жинақтап, жылдам мәлімет алуына жағдай жасап отыр. Кездесу барысында партия өкілдері жыл сайын мемлекеттік сатып алу үшін қазынадан бөлінетін қаржыны қысқарту бастамасын көтеріп жатқандарын мәлімдеді.

Мақсат Толықбай, «ADAL» саяси партиясы саяси кеңесінің мүшесі:  
-9 трлн теңге мемлекеттік сатып алуға кетіп жатқан. Соны 10 пайызға қысқартуды сұрап отырмыз. Соны 10 пайызға қысқартсақ төмегі күнкөріс деңгейін 2 есеге көтеруге және бюджет қызметкерлерінің жалақысын кемінде 200 мың қылуға жетеді. Оны есептеп шықтық. 

Раушан Сайлауқызы


Nur Otan партия сайлау

Хабарламаларға жазылу