Мерекеге орай бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мерекеге орай бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

14.12.2020

Елімізде жаңа реформалар кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған ресми шарада мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси модернизация бағытындағы жұмыстар жалғасып, бағдарлама келесі жылдың басында жарияланатынын айтты. Сондай-ақ Президент Тәуелсіздік күніне орай бірақтар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.  

Желтоқсанда жылды қорытындылап, алдағы мақсаттарды айқындау – көп елде қалыптасқан дәстүр. Биыл негізгі міндеттермен қоса, пандемия салдарынан шұғыл шешімдер қабылдауға тура келді. Әлеуметтік сақтандыру бойынша төлемдер орташа есеппен 50 процентке артты. 4 миллион азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемақыларының көлемі өсті. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, барлық бағыт бойынша 1,5 триллион теңгеге қолдау көрсетілді. Мұның бәрі өндірістің тоқтап қалмауына сеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Бір сөзбен айтқанда, тіршілік тоқтап қалған жоқ. Өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Биыл диқандарымыз 20 миллион тонна бидай жинады. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелге экспорттауға да жетеді. 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 2600 шақырым тас жол пайдалануға берілді. Еліміздің 10 миллионға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. 

Ал енді жоспарларға тоқталсақ, келер жыл «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияланды. Президент бұл тағылымды датаны тойлап қана қоймай, жаңа мемлекет құруға ат салысу керек екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек. Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі. Мен Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер. Осыған орай, көптеген нақты шаралар атқарылуда.   

Бұл шаралар жалғаса да бермек. Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет» орнату үшін келер жылы жаңа саяси реформалар күтіп тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы алыс-жақын болашақтағы басты бағдар тәуелсіздік болып қала береді, - деді. Ал осы күнге дейін ел үшін ерен еңбек еткен азаматтар елеусіз қалмады. Ең жоғарғы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын өңірлерде өндірісте ондаған жылдар қызмет етіп жүрген жұмысшылар алды. Сондай-ақ бірнеше өнер саңлағы, қоғам қайраткері «Отан», «Барыс» және «Құрмет» ордендеріне ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Халықтың ой-санасы және таным деңгейі рухани қазынасына қарап бағаланады. Ұлы Абайды ұлықтаған жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болудың мән-маңызы зор. Әдебиет пен өнер саласындағы ең таңдаулы шығармалар үшін берілетін жоғары марапат биылдан бастап ұлы ақынның атымен аталатын болды. Биыл көрнекті жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетов пен Роза Мұқанова, белгілі ақындар Серік Ақсұңқар мен Бақытжан Қанапиянов, танымал әдебиеттанушылар Мырзатай Жолдасбеков, Сауытбек Абдрахманов және Ғарифолла Есім мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 

Мемлекеттік марапатқа ие болғандардың ішінде ғалымдар, дәрігерлер мен полицейлер де бар.

Мемлекет басшысы мерейлі дата қарсаңындағы бұл марапаттар халыққа айтылған алғыс екенін айтты. Ал төртінші онжылдықта ауыр белестерді ел болып еңсеріп, жемістер еселене түсетініне үміт білдірді.

Альбина Әшім


мемлекеттік награда Президент Тәуелсіздік күні

Хабарламаларға жазылу