Жолаушылар тасымалы қызмет сапасын жақсартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолаушылар тасымалы қызмет сапасын жақсартуда

14.12.2020

Биыл елімізде теміржол қатынасында жолаушылар тасымалын дамытудың стратегиялық жоспары әзірленді. Жаңа жоспарға сәйкес 2029 жылға дейін тасымалдаушы вагон паркін заман талабына сай жаңарту көзделуде. Осы орайда, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Питер Штурм «Қызылорда-Семей» бағытындағы пойызға мініп, көптің талап-тілегін тыңдады.

Сыр өңірінен сонау Шығысқа қатынайтын пойыз күнделікті жүрсе де, жолаушыға кенде емес. Сұранысқа сәйкес қызмет көрсету сапасы да жақсарған. Алыс жолға шыққандарға сәт-сапар тілеген «Жолаушылар тасымалы» компаниясының бас директоры жолаушылармен бетпе-бет жүздесіп ой бөлісіп, пікір алмасты. 

Гаухар Әкімжанова, жолаушы: 
Бауырларыма келемін, қыста бір келемін, жазда бір келемін. Осы пойызбен қатынаймын. Жақсы бәрі. Бұрынғымен салыстырғанда жақсы ғой. Қазір шүкір бұған да.

Жалпы теміржол қатынасын жақсартуда «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы ауқымды жобаларды қолға алды. Ең бірінші кезекте ескірген вагондарды жаңалауға көшті. 2020-2029 жылдарға жолаушылар жылжымалы құрамдарын жаңарту стратегиясы шеңберінде 469 дана жаңа жолаушылар вагондар сатып алу жоспарлануда. 

Питер Штурм, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
Қазіргі таңда жолаушылар тасымалында 2 мыңнан аса вагон бар. Олардың біразын жаңалау қажет. Сервистік қызмет сапасын арттыру мақсатында екі стандарт әзірленді: жолаушылар пойыздарын санитарлық-гигиеналық құралдармен жабдықтау мен ішкі клининг және жолаушылар пойыздарын жабдықтау. Сонда теміржол тасымалы едәуір жақсара түседі деген сенімдемін. 

Мұнан соң Питер Штурм вокзал маңындағы депоның жұмысымен танысты. Жылына 300 вагонды қайта жөндеп, жаңалап беруге мүмкіндігі бар кәсіпорынның әлеуетін бағамдап, жоғары бағасын берді. 

Әділбек Серікұлы

Жолаушылар тасымалы

Хабарламаларға жазылу