Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті

11.12.2020

Өзбекстан мен Куба Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы-мемлекеттер мәртебесіне ие болды. Онлайн форматта өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында одаққа мүше елдердің басшылары оларды бірауыздан қолдап, енді сыртқы сауда-экономикалық байланыстың кеңей түсетініне үміт білдірді. Сондай-ақ отырыста Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асырудың кешенді жоспары қаралды.  

Биыл күрделі жыл болды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында әр Президент өз сөзін осылай бастады. Одақтың жоғарғы органдарына төрағалық еткен Беларуссия үшін бұл жыл пандемиямен қоса қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістермен де есте қалатыны анық. Отырысқа Кеңестің құрметті төрағасы ретінде қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда Белорусь елі мен Армениядағы оқиғалар кезінде алаңдағанын айтып, келеңсіздіктер артта қалғанына үміт білдірді. Жаман айтпай жақсы жоқ. Елбасы өткен бес жылды қорытындылап, жемістерге тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Жоғары Еуразиялық кеңестің құрметті төрағасы: 
-Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда көлемі 5 жыл ішінде 35 процентке өсіп, 62 миллиард доллар болды. 2015 жылы 46 млрд болған еді. Одақтың орта ЖІӨ 21 процентке артып, 2 триллионға жетті. Алайда экономика өсімінің әлеуеті бұдан да зор деп есептеймін. Бұл бес жыл күрделі әрі дағдарысқа толы болғанын да ескеру керек. Осыларды еңсерсек, көрсеткіштер бұдан да жоғары болуы тиіс.  

Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақты әлемдік өндірістік сауда орталығына айналдыру керек, - дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Жоғары Еуразиялық кеңестің құрметті төрағасы: 
-Біріншіден, біздің елдердің өндірістік әлеуетін интеграциялау үрдістерін жылдамдатуымыз керек. Қазір біздің шикізаттық емес тауарлар бойынша өзара саудамыз 16-ақ процент. Бұл өте аз. Бұл бәсекеге қабілетті басымдықтардың көкжиегін кеңейтіп, оның ішінде шикізаттық бағытты да дамтыуға мүмкіндік береді. Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядан өзге өңірлерге ауысып жатқан ауқымды жобаларды өзімізге тартуымыз керек.  

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев одаққа мүше елдердің экономикалық байланысын өркендету үшін диджитализация мен цифровизацияға баса мән беру керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев та онлайнға байлаған пандемия кезінде айти саласын кеңінен пайдалану керек деп санайды. Мәселен, қазақ басшысы одаққа мүше елдердің транзиттік әлеуетін модернизациялап, автомобильдік дәліздерді цифрландыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ пандемиямен бірге келген дағдарысты еңсеру үшін шағын және орта бизнесті қолдауды жөн санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Пандемия жағдайында одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері кәсіпкерлік белсенділікті арттыру маңызды. Ірі кәсіпорындармен салыстырғанда шағын және орта бизнес өкілдері кооперациялану үшін мүмкіндіктері жоқ. Ал біздің экономикамыздың ең басты тірегі осы шағын және орта бизнес екенін және халықты жұмыс орындарымен қамтып отырғанын ескеруіміз керек. Сондықтан комиссия өндірістік байланыстың интеграциясын орнату үшін дәл осы шағын және орта бизнесті тарту бойынша кешенді ұсыныстар әзірлеуі тиіс деп ойлаймын.  

Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы төрағалықтың Қазақстанға өтетін ескеріп, негізгі басымдықтарға да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Келесі жылға негізгі басымдықтар Одақ туралы келісімнің толыққанды жүзеге асуы, кедергілерді жою, өзара тиімді кооперативтік және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру үрдістерін жетілдіру, оның қызметі мен жауапкершілігін арттыру болып табылады.  

Онлайн өткен отырыста негізінен 24 мәселе көтерілді. Солардың бірі әрі маңыздысы: Өзбекстан мен Куба Одақ жанындағы бақылаушы-мемлекеттер мәртебесіне ие болды. Демек, одақтың ынтымақтастық аясы кеңейе түседі деген сөз.

Альбина Әшім


Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес

Хабарламаларға жазылу