Әлемдегі ушығып бара жатқан эпидемиялық жағдай әр адамды ойлантуы тиіс. Бастысы, барлық шектеу шарасын ұстануға әдеттенетін кез келді. Алматылық эпидемиологтар тұрғындарға коронавирус кезінде күтінуге қатысты кеңестерін беріп отыр. Індетті таратпай, барынша сақ жүру үшін не істеу керек?
Жазира Оразқызы, тілші:Алматылық дәрігерлердің айтуынша, қазір әлем елдерде індеттің екінші немесе үшінші толқыны, яғни, аурудың өсуі байқалуда. «Бұған бірден-бір себеп - халықтың карантиндік режимге жауапсыз қарауы»,- дейді мамандар. Алматылық эпидемиологтар алда келе жатқан мерекелер қарсаңында, тіпті, азық-түліктің өзіне аса сақтықпен қараған жөн деп отыр.
Әсел Қалықова, Қалалық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:Көшеде тұрған, арнайы құжаты жоқ жерлерден азық-түлік алмауға кеңес береміз. Дұрысы - сенімді сауда нүктелерінен сатып алу керек. Себебі, мерекелер кезінде тамақтан ұшыну деректері жиілейді. Егер сондай жағдай болса, эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласу қажет. Біз тиісті шара қабылдаймыз.
Жазира Оразқызы, тілші:Оған қоса мамандар мереке және демалыс күндері шетелге шығуды шектеп, қаладан тыс сапарламаған дұрыс деп отыр. Ал шығу қажет болса, онда бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, барынша карантин шараларын ұстануды ескертті. Сондай-ақ дәстүрлі жаңажылдық кештерден бас тартып, мерекені отбасында атап өтуге кеңес берді.