Елорда мектептері қашықтықтан оқуға көшуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда мектептері қашықтықтан оқуға көшуі мүмкін

11.12.2020

Елордада мұғалімдер мен оқушылар арасында вирус жұқтыру деректері көбейген. Оқу жылы басталғалы 224 бала ковид жұқтырған. Сондықтан «қызыл аймаққа» енген шаһарда 20 мектеп 14 күнге онлайн оқуға көшті. Жағдай ушықса, бұл тәртіп барлық мектептерге енгізілуі мүмкін. Бұл жөнінде қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлімдеді. Қазір қалада ПТР тест тапсыруға арналған 18 зертхана жұмыс істейді. Коронавирус симптомы бар азаматтарға, науқаспен байланыста болғандарға және жүкті әйелдерге ПТР тест тапсыру тегін. Қалғандары үшін ақылы. Ал емханаларда фильтр кабинеттер көбейді. Дәрі-дәрмектер мен оттегі аппараттары да жеткілікті. Ауруханалардағы төсек-орындардың 38 пайызында қазір вирус жұқтырғандар емделіп жатыр. 

Жанна Пралиева, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
Сіздер білесіздер, келе жатқан мейрамда елорда тұрғындары 4 күн демалады. Осы уақытта үйде болуларыңызды сұраймыз. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыздар. 

Елордада дезинфекциялық жұмыстар да қарқын алды. 2 айдан бері қаладағы қоғамдық көліктерге тұрақты тазалық жасалып келеді. Ал мониторингтік топтың жұмысы тіптен қауырт. Соңғы бір ай ішінде жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 107 құқықбұзушылық тіркеліп, 28 млн теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар жексенбі күні елордада қоғамдық көліктер жүрмейді. Әрі алдағы мерекеге орай елордада ешқандай от шашу болмайды.  

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу