1,6 млрд теңге жымқырған: Елорда әуежайының экс-қызметкерлері сотталды

11.12.2020
1,6 млрд теңге жымқырған: Елорда әуежайының экс-қызметкерлері сотталды

Әуежайдың бұрынғы басшысы Рәділбек Әдімолда сотталған жоқ. 

Есіл аудандық №2 сотында «Астана халықаралық әуежайы» АҚ-ның бұрынғы бас есепшісі Бабашева алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен аса ірі көлемде ақша жымқырғаны және пара беру дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 367-бабы 3-бөлігі, 2-тармағы, 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Сондай-ақ ұрлыққа қатысқан оның орынбасары Палманова, бухгалтерлер Баяндина, Үзденбаева, Елубаева, «НК Билдинг» ЖШС директоры Сейітова және оның жолдасы Бабашев 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы және 28-баптың 5-бөлігі бойынша сотталды.

Сотта анықталғандай, олар 2016 жылдың маусымынан 2019 жылдың сәуіріне дейін жалған келісімшарттар мен қаржылық құжаттар негізінде 33 заңды және жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына ақша аударып, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, 1 миллард 600 млн теңгеден астам қаражат жымқырған. 

Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Нәтижесінде Бабашева 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның жолдасы Бабашев 8 жыл жазасын өтейтін болды. Палманова, Сейітова, Баяндина, Үзденбаева мен Елубаева 7 жылға сотталды.

Осы ретте Баяндинаның кішкентай балаларының болуына байланысты, ал Елубаеваның жүктілігіне байланысты жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді. 

Тергеу барысында бұғатталған 20 объект, атап айтқанда үйлер, пәтерлер, жер учаскелері және жалпы құны 312,2 миллион теңгенің бес автокөлігі, сондай-ақ 40,5 миллион теңге қаражат түгелдей келтірілген зиянның орнын толтыруға аударылды. 

Сонымен қатар, «Астана халықаралық әуежайының» бұрынғы басқарма төрағасы Әдімолдаға немқұрайдылық танытқандықтан ұрлық жасалды деген айып тағылған еді. Алайда, ол қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы мен ұрлық арасындағы себепті байланыстың болмауына байланысты сотта ақталып шықты.

сот елорда әуежайы

Хабарламаларға жазылу