Елімізде мұздың жарылуы салдарынан 20 адам қайтыс болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мұздың жарылуы салдарынан 20 адам қайтыс болған

09.12.2020

Қызылорда облысының Қамбаш көлінде мұз жарылып, УАЗ автокөлігімен балық аулауға шыққан 7 азамат суға кеткен. Жағадан 3 шақырым алыстап үлгерген балықшылардың 4-еуі қаза тапты. Ал қалған үшеуі өз күшімен жағаға шығып үлгерген. 

Соңғы кездері бұндай оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Мәселен, Алматы облысында үлкендердің қарауынсыз қалған 2 бүлдіршін мұз үстінде ойнап жүріп мерт болды. Ал Қызылодада суға кеткендерді құтқарушылар екі күн іздеген.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі: 
-Олар 1985, 1981, 1994, 1973 жылы туған азаматтар. Төтенше жағдайлар департаментінің 7 жеке құрам қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылып, 2 күн бойы іздестіру жұмыстары жүргізілді. 7 метр тереңдіктен табылды.  

Қостанайда да мұз ойылып, 2 бала суға кеткен. Бұған дейін Аққабақ көлінде де зейнет жасындағы екі балықшы қаза тапқан. Қос қария мұздың жұқалығын ескермей, жағадан 150 метр қашықтыққа ұзап кеткен.  

Ақниет Балтанова, тілші: 
-Балық аулау –біреулер үшін уақытты қызықты өткізудің тәсілі болса, біреулерге кәдімгі күнкөріс көзі. Дегенмен елімізде қазан айынан бері мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтамағаны үшін 20 адам қаза тапты. Сондықтан құтқарушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап та кетті. Және мейлінше қатаң сақтануды ескертеді.  

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаментімен арнайы рейдке шықтық. Тексеріс нәтижесінде балықшылардың бірде-бірі қауіпсіздік шарасын сақтамағаны анықталды.

Геннадий Векленко, балықшы: 
-Осыдан 12 жыл бұрын мұз жарылып, бір балықшы досымнан айырылып қалған ем. Сондықтан тексеріс жүргізіп, ескерту жасаған дұрыс деп ойлаймын. Несін жасырамыз, кейбіреулер жиналып, алкогольді сусындар ішеді. Бұл дұрыс емес, барынша сақтану керек. 

Дәл осындай рейд жұмыстары барлық өңірде жүргізілуде. Құтқарушылар мұзға көлікпен шықпауға, ауа райын бақылауға кеңес береді. Сондай-ақ, мұздың қалыңдығын тексеріп, құтқару күртешелері мен арқандарын өзімен алып жүру керектігін ескертеді.

Ақниет Балтанова


мұздың жарылуы оқыс оқиға құтқарушы

Хабарламаларға жазылу